Алматы әкімдігінің гранты бойынша 137 жас дәрігер резидентураны тәмамдады

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім алған С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің резидентура түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті, - деп хабарлайды  Аlmaty.tv.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы атынан жас мамандарды Басқарма басшысы Марат Пашимов құттықтады.

Биыл С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 111 дәрігер-резиденті диплом алды. Жалпы 2026 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен білім алған 137 маман оқуын аяқтады. Оның ішінде 111-і – С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетін, 24-і – Қазақстан-Ресей медицина университетін, ал 2 маман Қазақ кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтын тәмамдады.

«Медициналық кадрларды даярлау – Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі. Қала тұрғындарының сапалы әрі уақтылы медициналық көмек алуын қамтамасыз ету мақсатында сұранысқа ие мамандықтар бойынша дәрігерлерді даярлауға жыл сайын инвестиция салынады», – деді Марат Пашимов.

Ол түлектерге арнаған сөзінде диплом алу – үлкен жауапкершілікті, білімді үздіксіз жетілдіруді және таңдаған мамандыққа адалдықты талап ететін жаңа кәсіби кезеңнің бастауы екенін атап өтті.

«Жақын уақытта көпшілігіңіз Алматы қаласының ауруханалары мен емханаларында еңбек жолын бастайсыздар. Пациенттердің денсаулығы мен өмірі сіздердің білімдеріңізге, кәсіби шеберліктеріңізге және адамгершілік қасиеттеріңізге тікелей байланысты болады», – деді Басқарма басшысы.

Салтанатты рәсім соңында жас дәрігерлерге кәсіби табыс, білікті тәлімгерлер, өз күштеріне сенім және алғысқа толы пациенттер тілеп, дәл осы жас мамандарға қаланың заманауи денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту міндеті жүктелетіні атап өтілді.

Оқи отырыңыз:  Алматыда «Шабыт берген Алматы!» республикалық поэзиялық шығармалар байқауы басталады