Биыл Алматыда бөбекжай кезегінде тұрған балалардың саны 2 есе азайған
Алматыда қос бірдей балабақша ашылды. Екі бөбекжай да Әуезов ауданында орналасқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алтын бесік шағынауданындағы мектепке дейінгі мекеме 120 орындық, ал 10-шағын ауданындағы балабақша 160 бүлдіршінге шақталған. Нысан толықтай заманауи үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда баланың дамуына керектінің барлығы бар.
Білім күні қарсаңында салтанатты түрде лентасы кесілгенімен, № 205 балабақша бүлдіршіндерді қабылдауды ертерек бастап кетіпті. Ал бүгін ата-аналар мен ұстаздардың қатысуымен мерекелік іс-шара өтті. Бүлдіршіндер мың бұрала билеген қыздардың өнері мен арнайы шақыртылған алып қуыршақтардың қойылымын тамашалады.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Алматыда бөбекжай кезегінде тұрған балалардың саны 40 мың болса, биыл бұл көрсеткіш 2 есе азайған.
«Алматы қаласы бойынша 1100 балабақша жұмыс істейді. Оның ішінде 203 мемлекеттік, ал 809 жекеменшік балабақша тіркелген. 2025 жылы ваучерлік жүйе енгізілді. Соның арқасында 200 мың ваучерлік орын берілген», – деді Білім басқармасының бөлім басшысы Мираш Доскеева.
Оқи отырыңыз: Келешек мектебі: Жетісу ауданында білім ордасы ашылды