Гүлге оранған Есентай жағалауы: Алматыда жаңа демалыс аймағы пайда болды

Almaty.tv
Almaty.tv

Мамандардың айтуынша, биыл көгалдандыру барысында біртұтас ландшафтық жоба негізге алынған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Гүлге оранған Есентай жағалауы алматылықтардың сүйікті серуен орнына айналды. Биыл мұнда бұрын-соңды болмаған ауқымда абаттандыру жүргізіліп, көздің жауын алатын гүл композициялары, жаңа серуен аймақтары мен мыңдаған өсімдік, деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Биіктігі екі жарым метр, аумағы шамамен 180 шаршы метрлік алып гүлді тауыс бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарын қуантуда. Есентай жағалауына жан бітірген композиция ауқымымен ерекшеленеді. Оны жасауға небәрі үш күн жұмсалған. Ал безендіруге 16 мыңнан астам сәндік өсімдік пайдаланылған.

«Бұл композицияны жасау үшін 16 мың 200-ден астам өсімдік пайдаланылды. Оның ішінде қызыл альтернантера, қызыл және сары целозия, колеус, петуния мен цинерария секілді сәндік өсімдіктер бар. Есентай жағалауында екі гектардан астам аумақ көгалдандырылды. Соның 2 мың 660 шаршы метріне ақ түсті сыпыртқыгүл отырғызылды. Қазірдің өзінде оның гүлдеуі жағалауға ерекше сән беріп тұр», – деді  Абаттандыру және көгалдандыру компаниясының директоры Гүлзада Қалдыбаева.

Мамандардың айтуынша, биыл көгалдандыру барысында біртұтас ландшафтық жоба негізге алынған. Күзде гүлзарларға қызғалдақ секілді пиязшықты өсімдіктер отырғызылып, келесі көктемде жағалау қаладағы ең алғаш гүлдейтін орындардың біріне айналмақ. Жаңарған демалыс аймағы қала тұрғындарының да көңілінен шыққан.

«Бұрын дәл осындай көрініс жоқ еді. Әсіресе гүлдер мүлде болмаған. Қазір айнала құлпырып, көз қуанады. Осындай өзгерістер үшін алғысымыз зор», – деді қала тұрғыны Дәулет Арыстанбеков.

«Осы маңда тұрамын. Бұл – демалуға өте жайлы орын. Соңғы екі жылда өзгеріс анық байқалады. Балалар және спорт алаңдары көбейді, айнала жасыл желекке, гүлге бөленді. Ең бастысы, бәрі талғаммен жасалған», – деді қала тұрғыны Елена Кунц.

«Соңғы уақытта жағалаудың келбеті айтарлықтай өзгерді. Бұрын мұнда серуендегенде абаттандырудың жетіспейтіні байқалатын. Ал қазір көгалдандыру жұмыстары қарқын алып, аумақ әлдеқайда көркейіп, жайлы демалыс орнына айналды», – деді қала тұрғыны Қайрат Кәрімов.

Көгалдандырумен қатар жағалауда табиғи ландшафтпен үйлесетін 3,5 мың шаршы метрден астам экологиялық серуен жолы салынды. Нәтижесінде Есентай жағалауының келбеті жаңарып қана қоймай, тұрғындардың серуендеп, спортпен айналысып, таза ауада уақыт өткізетін жайлы қоғамдық кеңістікке айналды.

Әйкерім Пернебек, Аида Иманәлі, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: «Медеу» мұз айдынының салқындату жүйесі толық жаңартылады