Үлкен Алматы көлінің инфрақұрылымы қалай өзгереді

Дархан Сатыбалдыға Үлкен Алматы көліне апаратын аспалы жол стансасының тұжырымдамасы таныстырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Туристік инфрақұрылымды дамыту барысында қауіпсіздік пен табиғи мұраны сақтауға басымдық берілуі тиіс». Үлкен Алматы көлі маңындағы туристік инфрақұрылымды дамыту жобаларымен танысқан шаһар әкімі Дархан Сатыбалды осылай деді. Қала басшысына әуелі «Алматы – Космостанция» автожолын, сондай-ақ «Алма-Арасан» шипажайына апаратын кіреберіс жолды күрделі жөндеу жобасы таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жоба аясында ұзындығы 26 жарым шақырым жол толық жаңартылып, автотұрақ салынады. Бұл көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, аталған аумақтағы жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек.

«Ең басты мақсатымыз – келушілерге қолайлы жағдай жасау. Қысқаша айтқанда, бұл аумақта жарықтандыру жүйесі, жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар және автотұрақтар салынады. Бұл көлік кептелісін азайтуға көмектеседі. Автотұрақ бірнеше жерде орналасады. Бұдан бөлек, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері ғарыш стансасына кедергісіз әрі жылдам жете алатындай мүмкіндік жасаймыз», – деді жобалау институтының директоры Арнұр Ақанов.

Сонымен қатар, Дархан Сатыбалдыға Үлкен Алматы көліне апаратын аспалы жол стансасының тұжырымдамасы таныстырылды. Жоба экологиялық таза көлік түрін дамытуға және табиғи аумаққа түсетін антропогендік жүктемені азайтуға бағытталған. Бұған қоса, сапар барысында Үлкен Алматы көліне апаратын жүргіншілер соқпағын көркейту жобасына да ерекше назар аударылды. Онда ұзындығы 5,3 шақырым болатын заманауи туристік жол салынады. Маршрут бойына жол белгілері мен ақпараттық стендтер орнатылып, демалыс орындары, шолу алаңдары, фотоаймақ, күрделі учаскелерде баспалдақтар мен өткелдер, сондай-ақ шағын сәулеттік нысандар орнатылады.

Оқи отырыңыз: Ақтауда халықаралық контейнерлік хаб ашылды