Алматыда Балаларды қорғау күніне орай балаларға медициналық көмек көрсетуге арналған үш құзырет орталығы ашылды

02.06.2026 10:10

Халықаралық балаларды қорғау күні Алматыда балаларға мамандандырылған медициналық көмекті жетілдіруге бағытталған үш құзырет орталығы ашылды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жаңа орталықтардың бірі №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының базасында ашылды. Мұнда балалар медицинасының он бағыты бойынша мамандардың жұмысы шоғырландырылған. Атап айтқанда, кардиология, пульмонология, ревматология, гастроэнтерология, аллергология, гематология, эндокринология, нефрология, неврология және орфандық аурулар бойынша қызмет көрсетіледі.

Орталықтың жаңа жұмыс форматы әртүрлі сала дәрігерлеріне күрделі клиникалық жағдайларды бірлесіп талқылап, консилиумдар өткізуге және тиімді емдеу тактикасын әзірлеуге мүмкіндік береді. Әсіресе, бұл сирек кездесетін генетикалық, аутоиммундық, онкологиялық және неврологиялық ауруларға шалдыққан балалар үшін маңызды.

Тағы бір маңызды жоба – Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының базасында ашылған Балалық шақ ауруларын ықпалдастыра жүргізу жөніндегі құзырет орталығы. Оның қызметі туғаннан бес жасқа дейінгі балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға, дәрігерлер мен мейіргерлердің біліктілігін жетілдіруге, диагностика мен емдеудің заманауи стандарттарын енгізуге, сондай-ақ аурулардың алдын алуға бағытталған.

Орталық қызметінде дәрігерлер мен мейіргерлерді оқытумен қатар ата-аналарға ақпараттық қолдау көрсетуге де басымдық беріледі. Осы мақсатта бала күтімі, дұрыс тамақтану, аурулардың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша түсіндіру материалдары әзірленеді.

Сонымен қатар Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында Балалардың инфекциялық аурулары жөніндегі құзырет орталығы ашылды. Бұл орталық инфекциялық патологиясы бар балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіруге, телемедицина қызметін дамытуға, мамандар арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейтуге және медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бағытталған.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің мәліметінше, жаңа орталықтардың ашылуы қаланың балалар денсаулығын сақтау жүйесін дамытудағы маңызды қадам. Бұл кішкентай науқастар үшін заманауи мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Балаларды қорғау күніне орай жеті жаңа балабақша ашылады