Халықаралық Балаларды қорғау күніне орай Алматыда жалпы сыйымдылығы 1560 орын болатын жеті жаңа балабақша пайдалануға беріледі. Жаңа нысандар мектепке дейінгі инфрақұрылымға сұраныс жоғары аудандарда орналасқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мысалы, Наурызбай ауданындағы Құрамыс шағынауданында 320 орындық заманауи балабақша салынды. Мектепке дейінгі ұйым әртүрлі жастағы 13 топқа арналған, оның ішінде кіші, орта, ересек және мектепалды даярлық топтары бар.
Екі қабатты ғимарат балалардың толыққанды білім алуы мен жайлы болуы үшін қажетті барлық жабдықпен қамтылған. Нысан құрамында жатын бөлмелер, буфет, музыка және гимнастика залдары, үйірме сабақтарына арналған кабинеттер, сондай-ақ әкімшілік және қызметтік бөлмелер қарастырылған. Аумақта көлеңкелі шатырлары бар 13 ойын алаңы мен дене шынықтыру аймағы жабдықталады.
Қалқаман-2 шағынауданында 240 орындық балабақша құрылысы аяқталды. Балабақша 10 топқа арналған және балаларды тәрбиелеу, оқыту және жан-жақты дамыту үшін қолайлы жағдай жасайтын заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Ғимаратта топтық және ойын бөлмелері, музыка залы мен үйірмелерге арналған бөлмелер бар.
Шұғыла шағынауданында 320 орындық балабақша салынды. Нысан алты мектепке дейінгі топты орналастыруға арналған. Ғимарат білім беру үдерісін және тәрбиеленушілердің жайлы болуын қамтамасыз ететін үш функционалдық блоктан тұрады.
Медеу ауданында 140 орындық және 8 топтан тұратын бөбекжай-балабақша пайдалануға беріледі. Түрксіб ауданындағы Қайрат шағынауданында 260 орындық, 11 топтан тұратын бөбекжай-балабақша ашылады. Әуезов ауданындағы 10-шағынауданда 160 балаға арналған, 8 топтан тұратын бөбекжай-балабақша салынды. Осы ауданның Алтын бесік шағынауданында 120 орындық, 6 топтан тұратын бөбекжай-балабақша бой көтерді. Нысандар қажетті ұйымдастыру және рұқсат беру рәсімдері аяқталғаннан кейін кезең-кезеңімен пайдалануға беріледі.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – Алматы әкімдігі жұмысының басым бағыттарының бірі. Қала әкімі Дархан Сатыбалды тапсырмасымен мектепке дейінгі білім беру саласындағы жобаларды жүзеге асыру ерекше бақылауда. Қала басшысы әлеуметтік нысандар құрылысының барысын үнемі тексеріп, мерзімнің сақталуы мен жұмыстардың сапасын жіті қадағалап отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда океанариум, амфитеатр және су арнасы бар ауқымды Water Garden кешені бой көтереді