Алматыда маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі - батыс кәріз коллекторының құрылысы басталды. Бұл туралы қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жобаның мердігері — «Павлодар өзен порты» АҚ. Қазіргі кезеңде диаметрі 600 мм болатын өздігінен ағатын кәріз желісін салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар Наурызбай ауданында Строительная көшесі бойымен — Абай даңғылынан Алатау даңғылына дейінгі аралықта атқарылуда (К72–К95 учаскелері).
Құрылыс жұмыстарына байланысты көше-жол желісінің кейбір бөліктерінде қозғалыс уақытша шектеледі. Қала тұрғындары мен қонақтарынан өзгерісті ескеріп, бағытын алдын ала жоспарлау сұралады.
Жобаның стратегиялық маңызы зор. Қазіргі уақытта Наурызбай және Алатау аудандарының бірқатар аумағында жеткілікті қуаттағы магистральдық кәріз жүйесі жоқ, ал қолданыстағы желілер халық санының өсуі мен қарқынды құрылысқа байланысты шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп тұр.
Жоба аясында Жандосов көшесінен қалалық тазарту құрылыстарына дейін жалпы ұзындығы 35 шақырым болатын коллектор салу көзделген. Құрылыста заманауи материалдар қолданылады. Сонымен қатар Алғабас шағынауданында кәріз сорғы станциясының құрылысы қатар жүргізілуде.
Жоба толық жүзеге асқаннан кейін:
— шамамен 200 мың тұрғын орталықтандырылған су бұру жүйесіне қосылады;
— санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарады;
— инженерлік желілердің сенімділігі артады;
— апат пен рұқсатсыз төгінділер қаупі азаяды;
— аудандардың одан әрі дамуына жол ашылады.
Құрылыс жұмыстары тығыз қоныстанған аумақта, көлік қозғалысы жоғары учаскелерде және қолданыстағы инженерлік желілер маңында жүргізілуде. Кейбір кезеңдерде жұмыстар қауіпсіздік талаптарын толық сақтай отырып, едәуір тереңдікте атқарылады.
Барлық жұмыс бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға және қолданыстағы құрылыс нормаларына сай жүзеге асырылуда. Енгізілген уақытша шектеулер қаланың сенімді әрі заманауи инженерлік инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Almaty Half Marathon: 19 сәуірде жолдардың бір бөлігі жабылады