Алматыда BRT желісінің жалпы ұзындығы 30,5 км болады – Ерболат Досаев

18.12.2024 13:31

Желтоқсан көшесі бойынша BRT жобасы жүзеге асырыла бастайды

Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев ОКҚ брифингінде Желтоқсан көшесі мен Райымбек даңғылы бойынша BRT жобасының жүзеге асырылу мерзімі туралы сұраққа жауап бере отырып мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазіргі уақытта екі BRT желісін салу жоспарлануда – Желтоқсан көшесі бойынша 4,6 км және Райымбек даңғылы бойынша 17,2 км. Үдерістерді оңтайландыру үшін Райымбек даңғылы бойынша жоба 2 кезеңге бөлінді. Біз бірінші кезең жұмыстарына күзде кірісе алатын едік, бірақ сарапшылар қауымдастығымен талқылаулардан кейін және қала тұрғындарына қолайсыздықты азайту мақсатында екі кезең бойынша жұмыстарды бірден бастау туралы шешім қабылданды. 2025 жылдың қаңтарында Райымбек даңғылының екі учаскесі бойынша мердігер ұйымды таңдау байқауын жариялау жоспарлануда. Құрылыс-монтаж жұмыстары келесі жылдың наурыз айында басталады", – деп хабарлады Ерболат Досаев.

Қала әкімі осы уақытта Желтоқсан көшесі бойынша BRT жобасының жүзеге асырылуы басталатынын да атап өтті.

"Біз жолақтарды тарылтып, қоғамдық көлікке арналған қосымша жолақ үшін орын босатуды жоспарлап отырмыз. Жоба Райымбек даңғылындағыдай инженерлік инфрақұрылымды ауыстыру жұмыстарымен жүзеге асырылады. 2025 жылдың соңына дейін екі желіні де аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деді ол.

Осылайша, Алматыда қазіргі қолданыстағы BRT желісін қосқанда жалпы ұзындығы 30,5 км болады.

Оқи отырыңыз: Алматы орталық стадионы қайта жаңғыртылуда - қала әкімі