Алматыда Аягүл Миразова атындағы II республикалық олимпиаданың жеңімпаздары анықталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылғы 28 сәуірде Алматы қаласы Алатау ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында 8–9 сынып оқушыларына арналған Аягүл Миразова атындағы II республикалық математикалық олимпиаданың салтанатты жабылу және марапаттау рәсімі өтті, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Биылғы зияткерлік додаға Қазақстанның 20 өңірінен келген 183 дарынды оқушы қатысып, математикалық білімін, логикалық ойлау қабілетін және шығармашылық әлеуетін көрсетуге мүмкіндік алды. Олимпиада жас математиктер үшін тәжірибе алмасуға, жаңа достық байланыстар орнатуға және зияткерлік дамуға жол ашты.

Салтанатты рәсімге Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәкен Жаббарұлы Аралбаев, олимпиаданың негізін қалаушы — Қазақстанның алғашқы Еңбек Ері, көрнекті педагог әрі ғалым Аягүл Төреқызы Миразова, сондай-ақ педагогикалық қауымдастық өкілдері қатысты.

«Бұл олимпиада – ақыл мен табандылықтың нағыз мерекесі. Жыл сайын қатысушылардың дайындық деңгейінің артып келе жатқанын, олардың білімге деген құштарлығын айқын көреміз. Мұндай жобалар дарынды балаларды анықтап қана қоймай, еліміздің бүкіл білім беру жүйесіне жоғары талап қояды. Олимпиаданың Аягүл Төреқызы Миразованың есімімен аталуы – ғылым мен балаларға адал қызмет етудің жарқын үлгісі», – деп атап өтті Алматы қаласы Білім басқармасының «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Гульнур Каримгажы.

Олимпиада қорытындысы:
* 9 қатысушы «Ерекше жетістікке жеткені үшін» номинациясымен марапатталды;
* 7 оқушы III орын иегері атанды;
* 4 оқушы II орынға ие болды;
* 2 оқушы I орын жеңімпазы атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында Алматы қаласының оқушылары да жоғары нәтиже көрсетті: Nurorda мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Омар Айсұлтан I орынды иеленсе, «Білім Инновация» мамандандырылған мектеп-лицейінің 8-сынып оқушысы Тілеухан Бекзат III орынға ие болды.

Павлодар облысынан келген Шаяхметов Акмаль «Ең жас қатысушы – 2026» арнайы номинациясымен марапатталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы Білім басқармасының I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталып, «Marwin» дүкендер желісінің сертификаттарына ие болды. Сонымен қатар, ақшалай сыйлықтар олимпиаданың негізін қалаушы Аягүл Төреқызы Миразованың атынан табысталды. І орын иегерлеріне 70 000 теңгелік сертификат және 50 000 теңге ақшалай сыйлық, ІІ орын иегерлеріне 50 000 теңгелік сертификат және 40 000 теңге, ІІІ орын иегерлеріне 30 000 теңгелік сертификат және 30 000 теңге көлемінде сыйақы берілді.

Аягүл Миразова атындағы республикалық математикалық олимпиада дарынды оқушыларды анықтауға, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және еліміздегі математикалық білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды алаң ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Оқи отырыңыз: «TURGYNDAR AMANATY»: Алматыда «AMANAT» партиясының ауқымды жобасы бастау алды

Новости партнеров