Алматының "Медеу" мұз айдынында жаңа маусым ашылды

02.11.2024 17:58

Алматылықтар мен қала қонақтары үшін мұзды сырғанау маусымы басталды

Алматы әкімдігі

Алматыдағы биік таулы «Медеу» мұз айдынында жаппай сырғанау маусымы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ашылуға бір сағат қалғанда-ақ, есік маңында балалар мен ересектердің ұзын-сонар кезегі пайда болды.

Алғашқы келушілер үшін ашылу салтанаты ұйымдастырылды.

"Алматылықтардың, тұрақты келушілердің пікірі мен өтінішін ескердік. Іс-шараларды ұйымдастыруға жауапты барлық қызмет мұз айдынын толық дайындап үлгерді, қажетті инфрақұрылым толығымен дайын, қала тұрғындарының уақытын осында өткізетініне қуаныштымыз", - деді спорт нысандары дирекциясының өкілі Олжас Ершеев.

Санаулы минутта күш-қуат алып, уақытын пайдалы өткізуге асыққан адамдар айдынға лық толды.

Сонымен қатар келушілер үшін қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерті ұйымдастырылды.

Жаңа маусымда қонақтарды күнделікті жаппай сырғанау, мерекелік іс-шаралар және спорттық жарыстар күтеді. Келушілер конькиді жалға алып, демалыс аймағын пайдалана алады. Қонақтардың ыңғайы үшін мұз айдыны аумағында жылдам тамақтану орындары да ұйымдастырылады.

Оқи отырыңыз: Қазақ боксшысы әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды