Алматыда Орталық Азиядағы ең биік таулы падел алаңы ашылды

20.06.2026 10:54

пресс-служба акима Алматы

Алматыда белсенді демалысқа арналған жаңа кеңістік – Medeu Padel Open Air Courts ашылды. Нысан Керей-Жәнібек хандар көшесі, 554/3 мекенжайында, теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматының Туризм басқармасы өкілдерінің мәліметінше, жаңа падел алаңы Орталық Азиядағы ең биік таулы нысан саналады. Бұл жоба Алматыдағы белсенді және спорттық туризмнің мүмкіндіктерін кеңейтіп, қала тұрғындары мен қонақтарына таудағы демалыстың жаңа үлгісін ұсынады.

Medeu Padel Open Air Courts туристер мен белсенді өмір салтын ұстанушылардың жаңа тартымды орнына айналып, қаланың ең танымал тау нысандарының бірінің инфрақұрылымын толықтырмақ.

Алаңның ресми маусымы 2026 жылы 16 қазанына дейін жалғасады. Келушілер үшін екі заманауи падел корты, демалыс аймақтары және қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Кеңістік тәжірибелі спортшыларға да, осы спорт түрімен алғаш танысып жүргендерге де қолайлы.

Medeu Padel Open Air Courts жобасының ашылуы Алматының туристік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етіп, қаланың Орталық Азиядағы белсенді және тау туризмінің жетекші орталықтарының бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.

Айта кету керек, падел – әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі. Ол үлкен теннис пен сквоштың элементтерін біріктіреді. Қарапайым ережелері мен қарқынды ойын мәнерінің арқасында падел кәсіби спортшылар мен әуесқойлар арасында кең танымалдыққа ие болып келеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда заңсыз салынған «Береке» базары сүрілді