Алматы Қалалық кардиологиялық орталығының кардиохирургия бөлімшесі базасында шұғыл және жоспарлы пациенттерге көмек көрсететін Минималды инвазивті кардиохирургия (MICS) орталығы мен Аорта патологиясы орталығы ашылды. Бұл туралы орталық директоры Ермағамбет Қуатбаев Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының (ҚДСБ) басшысы Марат Пашимовпен өткен есептік кездесуде мәлімдеді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Минималды инвазивті кардиохирургияның басты ерекшелігі - кеуде қуысына жасалатын дәстүрлі көлемді тіліктен бас тарту. Ота кеуде сүйегін кеспей, бүйір жақтан шағын тілік арқылы жасалады. Бұл хирургиялық жарақатты азайтып, асқыну қаупін төмендетеді әрі пациенттердің тезірек сауығып кетуіне мүмкіндік береді. Қазір кардиохирургиялық отаның жалпы көлемінің шамамен 4 пайызы осындай ота.
MICS бағытын дамыту заманауи отаның үлесін арттырып, пациенттердің озық технологияға қолжетімдігін кеңейтуге, сондай-ақ, әсіресе еңбекке қабілетті жастағы адамдар үшін стационарда жату және оңалту мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.
Жұмыстың жеке бір бағыты - Аорта патологиясы орталығы. Аортаның патологиясы күрделіліктің 7-санатына жатады және кардиохирургиядағы ең ауыр, өмірге аса қауіпті жағдайдың бірі саналады. Мұндай кезде әр минут қымбат, ал диагноз қою мен шешім қабылдау жылдамдығы аурудың нәтижесіне тікелей әсер етеді. Статистикаға сәйкес, аортаның жедел патологиясы бар әрбір үшінші науқас көз жұмады, ал пациенттердің 70%-ға жуығы - жас әрі еңбекке қабілетті адамдар.
Мамандандырылған орталықтың құрылуы қаладағы медициналық ұйымдармен өзара іс-қимылдың бірыңғай алгоритмін енгізуге мүмкіндік береді. Бұл алғашқы жүгінуден бастап жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілгенге дейінгі уақытты едәуір қысқартады. Осындай алгоритмді жетілдіру көптеген адамның өмірін сақтап, аса ауыр жүрек-қантамыр ауруы кезіндегі өмір сүру көрсеткішін арттыруға жол ашады.
Жыл сайын Алматы Қалалық кардиологиялық орталығында 38 мыңнан астам пациент медициналық көмек алады, соның ішінде 11 мыңға жуығы стационарлық ем қабылдайды.
Өткен жылы орталықта қалалық деңгейде бұрын қолжетімсіз болған жоғары технологиялық емдеу әдістері енгізілді. Атап айтқанда, LVAD имплантациясы, жүрек трансплантациясы, Beating Heart әдісімен қақпақшаларды пластикалау және интраоталық криоабляция қолдана отырып қақпақшаларды протездеу жүзеге асырылды.
Интервенциялық кардиология қарқынды дамып келеді: MitraClip, қантамырішілік литотрипсия (IVL), эндомиокардтық биопсия және қантамырішілік ультрадыбыстық зерттеу (IVUS) енгізілді. Ал аритмология қызметінде күрделі оталар игерілді, соның ішінде ишемиялық қарыншалық тахикардияға радиожиілікті аблация (Алматыда алғаш рет) және сол жақ жүрекшенің құлақшасына окклюдер имплантациялау бар.
Былтыр қараша айынан бастап орталықта науқасқа бағдарланған тәсіл енгізілді: ауруханадан шыққаннан кейін барлық пациенттің жағдайын, тағайындалған емге бейілдігін бақылау және асқынуды ерте анықтау мақсатында «Қамқорлық бөлімі» қызметкерлері бақылау телефон қоңырауын жүзеге асырады.
Жоғары технологиялық ота көлемін кезең-кезеңімен кеңейту орталықтың күрделі жүрек-қантамыр ауруларын диагностикалау және емдеу мүмкіндігін едәуір арттырып отыр.
Орталықтың алдағы жоспарында гибридті роботтандырылған ангиографиялық аритмологиялық қондырғыны енгізу және пайдалану тұр. Бұл отаның дәлдігін арттырып, жүрек ырғағының күрделі бұзылысын емдеу мүмкіндігін кеңейтіп, пациенттердің қауіпсіздігін күшейтеді.
Кездесу қорытындысы бойынша Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов бұл нәтижемен шектелмей, инновациялық медициналық технологияны жүйелі түрде енгізуді, жоғары технологиялық көмектің аясын кеңейтіп, оның халық үшін қолжетімдігн арттыруды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Алматының шұғыл қызмет өкілдері мен альпинистер «Шымбұлақта» дайындықтан өтті