Алматыда Саин көшесін ұзарту учаскесінде көлік қозғалысы ашылды

05.06.2026 17:40
пресс-служба акима Алматы

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін ұзарту жобасы бойынша көлік қозғалысы техникалық түрде ашылды. Жаңа учаскенің ұзындығы – 3,2 км, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жобаны жүзеге асыру 2018 жылы басталған болатын. Жұмыстар жер телімдерін сатып алу жұмыстарының аяқталуына қарай кезең-кезеңімен жүргізілді. Соңғы жер телімі 2025 жылы қазан айында босатылды.

Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, 20 мамырға жоспарланған қозғалысты ашу ауа райының қолайсыздығына байланысты кейінге шегерілді. Қолайсыз ауа райы 110 кВ электр беру желісін көшіру жұмыстарын кешеуілдеткен.

Қазіргі уақытта жол бойында асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді. Негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін асфальттың жоғарғы қабаты төселеді.

Сондай-ақ, учаскеде қосалқы жолдарды, жүргіншілер жолдарын, велосипед жолдарын салу және оған іргелес аумақтарды көркейту жұмыстары жалғасуда.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталғанға дейін бұл учаскеде жылдамдық шегі 40 км/сағ болып белгіленді.

Жүргізушілер жол белгілерінің талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға тиіс.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Эколог сағаты» экологиялық акциясы өтті