Бұл бағыттағы жұмыс Алматының барлық қырларын ашуға дайын жаңа саяхатшыларды да тартуға мүмкіндік береді
Алматыны халықаралық туристік аренада ілгерілетуге бағытталған ауқымды бағдарлама аясында Туризм басқармасы 11 елден келген жетекші туристік компаниялардың 90 өкілдері үшін бірқатар ақпараттық турларды сәтті ұйымдастырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
2024 жылы қалаға Түркия, БАӘ, Катар, Сауд Арабиясы, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Ұлыбритания, Италия, Германия және Малайзиядан сарапшылар келді.
Аталмыш шараның негізгі мақсаты тек Алматының табиғи сұлулығын, тарихи-мәдени мұрасын және туристік әлеуетін көрсету ғана емес, сонымен қатар шетелдік серіктестермен байланыстарды нығайту болды. Бұл қадам туристік ағынды арттыруға және халықаралық нарық өкілдерімен тұрақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Ақпараттық турлар аясында шетелдік туроператорлар келесі мүмкіндіктерге ие болды:
• Алматының және оның айналасындағы басты көрікті жерлерімен, оның ішінде асқақ тауларымен, көркем шатқалдарымен және бірегей мәдени ескерткіштерімен танысу.
• Қаланың инфрақұрылымдық мүмкіндіктерімен танысу: қонақүй секторы, гастрономиялық нысандар, белсенді демалыс орындары және конференц-орталықтар.
• Алматыны туризмнің әртүрлі бағыттарын – тау туризмі мен спорттық туризмнен бастап іскерлік және экотуризмге дейін дамытуға арналған платформа ретінде бағалау.
Ақпараттық турлардың нәтижесінде 4 400-ден астам туристі Алматыға тартуға бағытталған 20 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Болжам бойынша, экономикалық әсер шамамен 3 миллиард теңгені құрап, қаланың экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады. Туроператорлар Алматының туристерді қабылдауға жоғары дайындық деңгейін және табиғи әрі мәдени ресурстарының ерекше үйлесімін атап өтті.
«Алматы бізді өзінің әртүрлілігімен таңғалдырды. Бұл – белсенді демалыс, мәдени ашылулар және қонақжайлылық іздегендер үшін тамаша орын», – деп бөлісті Италиядан келген туристік компания өкілі.
Мұндай іс-шараларды ұйымдастыру Алматыны жетекші туристік бағыт ретінде позициялау стратегиясын жүзеге асырудағы маңызды қадам болды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру тек қаланың халықаралық аренадағы танымалдығын арттырып қана қоймай, сонымен қатар Алматының барлық қырларын ашуға дайын жаңа саяхатшыларды да тартуға мүмкіндік береді.