Алматыда заңсыз қоқыс үйінділерімен күресуге арналған цифрлық платформа таныстырылды

25.06.2026 17:36
пресс-служба акима Алматы

Алматыда тұрғындарға заңсыз қоқыс үйінділері туралы хабарлап, олардың жойылу барысын бақылауға мүмкіндік беретін TazaQala цифрлық платформасы таныстырылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде жобаның тұсауы кесілді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Платформа Алматының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және «Eco Almaty» ЖШС-нің қолдауымен әзірленген. Жоба республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылған.

Жасанды интеллект элементтерін пайдаланатын TazaQala қала тұрғындарына экологиялық мәселелерді шешуге тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Платформа арқылы тұрғындар заңсыз қоқыс төгілген орындар туралы хабарлап, өтініштерінің мәртебесі мен аумақтарды тазарту жұмыстарының барысын қадағалай алады.

Алматының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Арман Нүгірбековтің айтуынша, жаңа жүйе тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз етеді.

«Платформа алматылықтармен үнемі байланыста болып, күрделі аумақтар туралы жедел ақпарат алуға және қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар тұрғындар атқарылған жұмыстың нәтижесін көріп, экологиялық мәселелердің қалай шешіліп жатқанын бақылай алады», – деді ол.

Прокуратураның мәліметінше, платформа іске қосылғалы бері 871 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Оның 507-сі толықтай жойылып, аумақтардан 500 тоннадан астам қалдық шығарылған.

Бұған қоса қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі экологиялық талаптарды бұзғаны үшін жергілікті атқарушы органдардың бірқатар басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Іс-шара барысында студенттер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне платформаның жұмыс істеу тәртібі жан-жақты таныстырылды. Тұсаукесерден кейін қаланың түрлі ауданында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.

Рейдтерге прокуратура мен полиция қызметкерлері, Экология департаментінің, Экология және қоршаған орта басқармасының, «Eco Almaty» ЖШС мамандары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті мен заң факультетінің студенттері, сондай-ақ экобелсенділер қатысты.

Ең белсенді қатысушылар үшін ұйымдастырушылар Алматы хайуанаттар бағына, Бас ботаникалық баққа, «Шымбұлақ» аспалы жолына және ұлттық парктерге жолдамалар түріндегі ынталандыру сыйлықтарын әзірледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, TazaQala платформасын енгізу заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою жұмыстарын жедел әрі ашық жүргізуге, сондай-ақ қала тұрғындарының тазалық пен экологиялық қауіпсіздікті сақтауға белсенді қатысуын арттыруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз:  Алматыда Рысқұлбеков көшесінің бір бөлігі уақытша жөндеуге жабылады