Алматыға әлемге әйгілі Cirque du Soleil труппасы келді

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыға әлемге танымал канадалық цирк компаниясы Cirque du Soleil келді. Атақты ұжым 11-14 маусым аралығында Almaty Arena сахнасында өз өнерін көрермен назарына ұсынады. Аңызға айналған труппаның гастрольдік сапары биылғы жаздың ең жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналып, Қазақстан мен шетелден келетін көрермендердің қызығушылығын тудырады деп күтілуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Алматыға келген уақытта Cirque du Soleil артистері мен өкілдері Шымбұлақ тау курортында және қаланың бірқатар туристік нысандарында болды. Қонақтарды мегаполистің туристік мүмкіндігімен таныстырған Almaty Tourism Bureau командасы.

Cirque du Soleil – әлемдегі ең танымал шоу-жобалардың бірі. Компания ондаған елден келген артистерді біріктіріп, цирк өнерін, театрды, музыканы және заманауи технологияларды үйлестірген ерекше қойылымдарымен танымал. Дәстүрлі цирктерден айырмашылығы, Cirque du Soleil бағдарламаларында жануарлар пайдаланылмайды. Барлық қойылым артистердің шеберлігіне, акробатикаға, хореографияға және әсерлі визуалды шешімдерге негізделген. Компанияның өнерін осы уақытқа дейін алты құрлықта 400 миллионнан астам көрермен тамашалаған.

Осындай халықаралық мәдени іс-шаралар оқиғалық туризмді дамытуда маңызды рөл атқарып, шетелдік туристерді тартуға және Алматының халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға ықпал етеді. Болжам бойынша, 2026 жылы қалаға келетін шетелдік туристер саны 800 мың адамнан асып, мегаполис үшін жаңа рекордтық көрсеткішке жетеді.

Оқи отырыңыз: Алматы мен Сиань туристік байланысты нығайтып келеді

Новости партнеров