Алматыда екі тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды

27.01.2026 11:03
пресс-служба акима Алматы

Жұмыс сапары аясында Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов халықаралық әуежай маңындағы бірқатар тұрғын үй кешенінің құрылыс барысын тексерді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Тексеру барысында «Bastion» тұрғын үй кешенінің құрылысы азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органдардың келісімінсіз және рұқсатсыз жүргізіліп жатқаны анықталды.

«Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес, әуеайлаққа жақын аймақтарда және белгіленген күзет аумағы радиусында ғимараттардың қабатына шектеулер қойылады. Осы аймақта салынып жатқан барлық нысан тиісті келісім алуға міндетті. Мұндай құжатсыз біз құрылысты тоқтатамыз, қажет болған жағдайда сүріледі», — деді Бейбіт Шаханов.

Сондай-ақ, «Dream City Tech» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында құрылыс салушының қасбетті келісімсіз қаптай бастағаны белгілі болды.

Қала әкімінің орынбасары «Шығыс қақпасы» полиорталығындағы барлық құрылыс нысанының сәулеттік келбеті бекітілген бірыңғай тұжырымдамаға қатаң сай болуға тиіс екенін айтты. 

Бұл заңбұзушылықтарға байланысты аталған нысандарда барлық құрылыс жұмысын міндетті келісім мен рұқсат алынғанға дейін тоқтату туралы шешім қабылданды.

Оқи отырыңыз: Алматыда жер қатынастары мен құрылыс мәселелері бойынша азаматтардың өтініші қаралды