Алматыда жалға берілген коммуналдық тұрғын үйді заңсыз пайдаланудың 172 жағдайы анықталды

30.09.2026 09:10

пресс-служба акима города Алматы

Алматыда коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға берілген пәтерлердің мақсатты пайдаланылуы тексеріліп жатыр. Жыл басынан бері қаланың Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен Тұрғын үй инспекциясының мамандары Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарындағы 3 125 пәтерді тексерді, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мониторинг нәтижесінде тұрғын үйді үшінші тұлғаларға заңсыз берген 172 жағдай анықталып, 114-інде пәтер босатылды. Қалған 58 жағдай бойынша сотқа дейінгі талаптар жолданды.

Тексеру кезінде тұрғын үйді қосалқы жалға беру, жалдау шартында көрсетілмеген адамдардың тұруы және жалдау ақысын төлеу бойынша міндеттемелерді орындамау сияқты заң бұзушылықтар анықталды.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 24-бабы 3-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы орган берген тұрғын үйді жалға алушылар қосалқы жалға алушыларды және уақытша тұрғындарды тұрғызуға құқылы емес. Жалға берілетін тұрғын үйді қосалқы жалға немесе үшінші тұлғаларға беру жалдау шартын бұзуға негіз болады.

Босатылған пәтерлерде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс аяқталған соң бұл тұрғын үйлер жалға берілетін баспанаға мұқтаж ретінде есепте тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беріледі.

Коммуналдық тұрғын үйдің мақсатты пайдаланылуына қатысты тексеру жұмыстары жалғаса береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда жас отбасылар арасында қалалық байқау өтті

Толық көрсету