Алматыда көрнекті ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған әдеби-поэзиялық кездесу өтеді

10.02.2026 09:37
Depositphotos

Қазақтың көрнекті ақыны һәм аудармашысы, ұлт поэзиясының классигі Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай 2026 жылы 11 ақпанда Алматы қаласындағы Alatau Creative Hub орталығында «Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» атты әдеби-поэзиялық кездесу өтеді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Іс-шараға белгілі ақын-жазушылар, публицистер, ғалым-зерттеушілер, Мұқағали Мақатаевтың отбасы мүшелері, сондай-ақ жастар, мектеп оқушылары және жырсүйер қауым қатысады.

Кездесу аясында «Мұқағали – мәңгілік жырдың жұлдызы» атты бірегей кітап көрмесі ұйымдастырылады. Көрмеде ақынның кітаптары ғана емес, оның өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми еңбектер, естеліктер мен арнайы басылымдар ұсынылады. Сонымен қатар ақын өлеңдеріне жазылған әндер шырқалады.

Мерейтойлық кеш барысында қонақтарға Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжі студенттері дайындаған арнайы әдеби-драмалық қойылым ұсынылады. Сондай-ақ, №140 мектептің (Мұқағали Мақатаев атындағы) оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, қаламгер туралы бейнеролик көрсетіледі.

Оқи отырыңыз: «Заң мен тәртіп»: Алматыда студенттермен киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды