Оның айтуынша, күнделікті жаттығу 8–9 сағатқа дейін созылады, ал дайындыққа 11 бапкер мен спарринг-серіктес жұмылдырылған
Бибисара Асаубаева тарихта тұңғыш рет Қазақстан атынан Үміткерлер турниріне қатысады. Турнир наурыз айында Кипрде өтеді. Бұл туралы спортшы Астанада журналистермен өткен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv. Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, блиц шахматтан үшінші рет әлем чемпионы атану – мансабындағы ең күрделі жетістік болған. Турнир жаңа форматта ұйымдастырылды: швейцар жүйесі бойынша өткен кезеңнен кейін үздік төрт шахматшы нокаут кезеңіне өтті. Бұл жарыс Үміткерлер турниріне іріктеу үшін шешуші маңызға ие болды.
— Финалға шыққан сәтте Үміткерлер турниріне жолдама алғанымды білдім. Негізгі мақсат орындалды, бірақ матчта жеңілгім келмеді. Жартылай финал мен финалды сенімді өткіздім деп есептеймін. Бұл – мен жеңіске жеткен әлем чемпионаттарының ішіндегі ең ауыр турнир болды, — деді Бибисара Асаубаева.
Халықаралық жарыстар жайлы айта отырып, ол Вейк-ан-Зее турниріндегі өнерін атап өтті. Бұл – шахмат күнтізбесіндегі ең беделді әрі күрделі турнирлердің бірі. Жарыс қорытындысы бойынша Асаубаева жалпы есепте бесінші орын алып, турнир жеңімпазын жеңіп, рейтингтік көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты.
Алдағы күндері спортшы Германияға аттанып, фристайл-шахмат бойынша көрме матчына қатысады. Бұдан кейін Үміткерлер турниріне дайындықты жалғастырады.
— Бұл турнирдің маңызы өте жоғары, оған небәрі сегіз шахматшы қатысады. Осындай деңгейдегі жарыста Қазақстан атынан алғаш рет өнер көрсететініме қуаныштымын. Қызығы, турнирде Үндістаннан үш, Ресейден екі, Қытайдан екі шахматшы бар, ал Қазақстаннан мен ғана қатысамын. Дайындықты бастап кеттім, әрине, бұл турнирде жеңіске жетіп, әлем чемпиондығы үшін матчқа шығуды қалаймын, — деді ол.
Шахматшының айтуынша, күнделікті жаттығу 8–9 сағатқа дейін созылады. Дайындық процесіне 11 бапкер мен спарринг-серіктес тартылған.
Журналистермен кездесу барысында Бибисара Асаубаева Қазақстан шахмат федерациясының марапаттарына ие болды, сондай-ақ әлем чемпионатындағы жеңісі үшін арнайы сыйақы табысталды. Федерацияның атқарушы директоры Гүлмира Дәулетованың айтуынша, спортшыға 25 миллион теңге, ал оның бапкеріне 10 миллион теңге көлемінде сыйақы берілді.
— Бибисара Асаубаеваның Үміткерлер турниріне шығуы — тарихи оқиға. Қазақстан алғаш рет осындай деңгейде ұсынылады. Бұл — әлемдік шахматтағы ең беделді турнирлердің бірі, ол әлем чемпиондығы үшін матчқа жолдама береді, — деді Гүлмира Дәулетова.
Сонымен қатар ол 2026 жылы Қазақстанда бірқатар ірі халықаралық шахмат турнирлері өтетінін хабарлады. Алматыда университеттер арасындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Оған Оксфорд, Гарвард, Қытай, Үндістан, Ресейдің жетекші жоғары оқу орындары және Қазақстанның екі командасын қоса алғанда, барлығы 16 команда қатысады. Турнир айналмалы жүйе бойынша өтіп, кейін нокаут кезеңімен жалғасады.
Бұдан бөлек, Алматыда 30 елден қатысушылар жиналатын мектеп командалары арасындағы Азия чемпионаты өтеді. Гүлмира Дәулетованың айтуынша, бұл жарыстарда жүлде қорынан гөрі шахматты кеңінен насихаттауға басымдық берілген. Ұйымдастырушылар қатысушылардың жол ақысы, тұруы және тамағын толық қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ түркітілдес елдердің шахмат федерациялары қауымдастығы құрылды. Оның құрамына Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстан кірді. Алғашқы бірлескен турнир сәуір айында Түркістан қаласында өтеді және жаңа ұйымның негізгі орталығына айналады.
Оқи отырыңыз: UAE SWAT Challengе: қазақстандық командалар үш жүлделі орынға ие болды