Алматыда Абай күніне орай ұлы ақын, ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті, - деп хабарлайды Almaty.tv.
Іс-шараға Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері, білім беру саласының өкілдері және жастар қатысты.
Қатысушылар Абайдың рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл қойды. Рәсім соңында Қазақстанның халық артисі Болат Әбділманов «Абайдың жұмбағы» монологын орындады.
Абай күніне орай Алматыда ақынның өмірі, шығармашылығы мен рухани мұрасына арналған мәдени іс-шаралар өтіп жатыр.
Өткен сенбіде «Абай әлемі» музыкалық-поэтикалық кеші өтті. 20 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы Қазақстанның халық артисі Мақпал Жүнісова және IL Canto тобымен бірге Абай әндерін шырқады.
Бүгін де Алматының кітапханалары мен музейлерінде, жастар комьюнити орталықтарында және қаланың өзге де мәдени алаңдарында тақырыптық іс-шаралар өтіп жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда Спорт күніне орай Red Bull Dance Your Style би баттлдары өтті