25 ақпанда сағат 11:00-де қалада «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Тексеру барысында «Барлығыңыздың назарыңызға!» дабыл сигналы бойынша қала аумағында сиреналар қысқа уақытқа қосылады. Сондай-ақ сынақ хабарламасын тарату үшін теле- және радиоарналарды уақытша үзу жүйесі іске қосылады.
Сабыр сақтауларыңызды сұраймыз. Бұл жоспарлы оқу-жаттығу.
«Барлығыңыздың назарыңызға!» сигналы – төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде шұғыл ақпарат таратар алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту белгісі.
Дыбыстық сигналды естіген жағдайда:
• теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосу;
• ресми интернет-ресурстар мен мобильді қосымшалардағы ақпаратты тексеру;
• берілетін ақпаратпен және одан әрі әрекет ету жөніндегі нұсқаумен мұқият танысу қажет.
25-26 ақпанда Алматыда «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтеді. Оқу-жаттығу аясында қаланың әр ауданында өзен арналары мен арық жүйелерін тазарту бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайы бақылауда.
Қаланың жедел қызметтері алдын ала қажетті профилактикалық шараларды жүргізіп отыр.
Маусымдық өзгерістер негізінен қалың жауын-шашын мен көктемгі қардың еруіне байланысты, бұл Алматы үшін қалыпты табиғи құбылыс.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында қала аумағынан 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды.
Оқи отырыңыз: Алматыда 2026 жылы 5 жаңа комьюнити орталық ашылады