Алматылықтар назарына: дабыл жүйесі іске қосылады

24.02.2026 12:07
пресс-служба акима Алматы

25 ақпанда сағат 11:00-де қалада «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығуы аясында халықты құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеру жүргізіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Тексеру барысында «Барлығыңыздың назарыңызға!» дабыл сигналы бойынша қала аумағында сиреналар қысқа уақытқа қосылады. Сондай-ақ сынақ хабарламасын тарату үшін теле- және радиоарналарды уақытша үзу жүйесі іске қосылады.

Сабыр сақтауларыңызды сұраймыз. Бұл жоспарлы оқу-жаттығу.

«Барлығыңыздың назарыңызға!» сигналы – төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде шұғыл ақпарат таратар алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту белгісі.

Дыбыстық сигналды естіген жағдайда:
•    теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосу;
•    ресми интернет-ресурстар мен мобильді қосымшалардағы ақпаратты тексеру;
•    берілетін ақпаратпен және одан әрі әрекет ету жөніндегі нұсқаумен мұқият танысу қажет.

25-26 ақпанда Алматыда «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтеді. Оқу-жаттығу аясында қаланың әр ауданында өзен арналары мен арық жүйелерін тазарту бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.

Қазіргі уақытта су тасқыны жағдайы бақылауда.

Қаланың жедел қызметтері алдын ала қажетті профилактикалық шараларды жүргізіп отыр. 

Маусымдық өзгерістер негізінен қалың жауын-шашын мен көктемгі қардың еруіне байланысты, бұл Алматы үшін қалыпты табиғи құбылыс.

Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында қала аумағынан 150 мың текше метрге жуық қар шығарылды.

Оқи отырыңыз: Алматыда 2026 жылы 5 жаңа комьюнити орталық ашылады