Алматыда «БЕС АСЫЛ» республикалық ұлттық өнер байқауы өтті

28.06.2026 14:25

Қатысушылар қатарында белгілі айтыскерлер, жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер болды 

пресс-служба акима Алматы

Алматыда Almaty Theatre сахнасында қала әкімдігінің қолдауымен және Халықаралық айтыскерлер, жыршы-термешілер одағының бастамасымен дәстүрлі қазақ өнерін сақтау мен насихаттауға бағытталған «БЕС АСЫЛ» республикалық ұлттық өнер байқауы өтті, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Байқаудың ашылу рәсімінде Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын оқып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Кештің жүргізушісі әрі жоба авторы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Алтай көрермендерді байқаудың тұжырымдамасы мен бағдарламасымен таныстырды.

«БЕС АСЫЛ» жобасының басты ерекшелігі – дәстүрлі қазақ өнерінің бес бағытының бір сахнада тоғысуы. Байқау аясында айтыстың түрлі жанрлары (сүре айтыс, түре айтыс, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысы, сондай-ақ «өтірік өлең» жанрындағы әзіл айтыстары), жыршылық пен термешілік өнері, дәстүрлі әншілік және күйшілік өнер кеңінен насихатталды.

Байқауда Алматы және Астананың командалары бақ сынады. Қатысушылар қатарында белгілі айтыскерлер, жыршы-термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнер көрсетті.

Қазылар алқасына Қазақстанның халық жазушысы, Халықаралық айтыскерлер, жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жетекшілік етті. Байқау қорытындысы бойынша Алматы қаласының командасы жеңімпаз атанып, келесі кезеңге жолдама алды.

Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар, дипломдар және естелік сыйлықтар табысталды.

«БЕС АСЫЛ» республикалық ұлттық өнер байқауы – ғасырлар қойнауынан жеткен қазақ халқының баға жетпес мәдени мұрасын жаңғыртуға, мәңгілік рухани құндылықтарды дәріптеуге және ұлттық өнердің одан әрі дамуына серпін беруге бағытталған маңызды мәдени жоба.

Оқи отырыңыз: Алматыда робототехника мен инновациялық технологиялар бойынша халықаралық чемпионаты өтеді