2026 жылғы 30 маусым мен 1 шілде аралығында «Алматы Арена» спорт кешенінде мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында робототехника, жаңа технологиялар және бағдарламалау бойынша «Almaty TechCup XII» дәстүрлі Ашық чемпионаты өтеді. Алматы қаласы әкімінің кубогына арналған бұл ауқымды іс-шараны қалалық Білім басқармасы ұйымдастырып отыр, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктер, жаңа технологиялар дәуірі. Жаңа Конституция өз күшіне енетін тарихи кезеңде өтетін іс-шара «Жасанды интеллект дәуірі» тақырыбына арналмақ.
Іс-шараның салтанатты ашылуы 30 маусым күні сағат 10:00-де «Алматы Арена» спорт кешенінде өтеді.
Халықаралық FIRST бағдарламасының негізінде өтетін 2 күндік жарысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен және Орталық Азия елдерінен 4 жастан 18 жасқа дейінгі 3000-нан астам оқушы (400-ге жуық команда) қатысады деп күтілуде. Чемпионаттың басты мақсаты – жастар арасында инженерлік дағдыларды дамыту және ғылыми-техникалық шығармашылықты қолдау.
Бағдарлама аясында қатысушылар 14 бағыт бойынша, соның ішінде жасанды интеллект, ғарыштық технологиялар, FIRST LEGO League, Drone жарыстары және заманауи инженерия салаларында бақ сынайды. Сондай-ақ қонақтар мен қатысушылар үшін арнайы көрмелер, шеберлік сабақтары мен интерактивті танымдық алаңдар ұйымдастырылады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы әкімінің кубогына, бағалы сыйлықтарға және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарына ие болады. Сонымен қатар, үздік шыққандар FIRST Robotics халықаралық чемпионатына Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында қатысу үшін 4 жолдамаға (лицензияға) ие болады.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысының атынан Астанада бір топ БАҚ қызметкеріне пәтер берілді