Алматы қаласында Республика Сарайының сахнасында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның 75 жылдық мерейтойына арналған «Ұлытаудан – Алатауға» атты концерттік кеш өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Іс-шара барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, Мемлекет басшысының Жарлығымен Жүрсін Ерманға «Қазақстанның халық жазушысы» құрметті атағы берілгенін хабарлады.
«Халқымыз Сізді беделді қоғам қайраткері әрі талантты публицист ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Айтыс өнерін жаңғыртуға қосқан үлесіңіз айрықша. Ел бірлігі мен халықтар достығын арқау еткен шығармаларыңыз оқырманға жақын әрі түсінікті. Сізге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін», – делінген Президент құттықтауында.
«Ұлытаудан – Алатауға» атты концертте ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетіліп, жырлары оқылды, сахналық қойылымдар ұсынылды. Мерекелік кешке ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, мәдениет өкілдері және өнерсүйер қауым қатысты. Шәкірттері мен ізбасарлары ұстазына өлең арнап, құрмет көрсетті.
«Халық үнемі теледидардан айтыс жүргізіп жүргенін көрген соң, тек жүргізуші деп ойлайды. Олай емес. Жүрсін ағамыз өте мықты тегеурінді ақын, өте мықты тележурналист, публицист. Сондықтан жан-жақты қаламгерді дәріптеу құрметтеу– парызымыз деп ойлаймын», – деді ақын Бауыржан Халиолла.
«Бұл кісінің қазақ айтысына сіңірген еңбегі, әкелік мейірімі зор, өмірге қашан бұндай адам келеді білмеймін. Жүрсін ағамыздың денінің сау болғанын, арамызда бір күн болса да қалқиып аман жүргенін, батасын беріп, төрімізді байытып, қазыналы қария болып отырғанын Құдайдан тілейміз», – деді ақын Мұхтар Ниязов.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері Жүрсін Ерман мерекелік кешті ұйымдастырғандарға ризашылығын білдірді.
«Алланың қалауымен 75 жасқа келдік. Соны тойлаймыз деп үміттеніп отырмыз. Бұл – күллі ақын шәкірттерімнің, бауырларымның күш-қуатының арқасы. Халыққа қызықты думан сыйлаймыз деп ойлаймыз. Рақмет!» – деді Қазақстанның халық жазушысы, ақын Жүрсін Ерман.
Алматы әкімдігі мұрындық болған ақынның мерейтойы расында жоғары деңгейде өтті. Оны кеш бойы көрсеткен халықтың қошеметінен-ақ аңғаруға болады. Концерттен рухани демалған көрермен мәдениет қайраткерінің амандығын тілеп тарқасты.
Асыл Махметов, Думан Даулетбақұлы
Оқи отырыңыз: «Almaty Business» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітілді