Референдумға дейін:
23
күн
2
сағат
51
минут

«Almaty Business» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітілді

Алматының биылғы нақтыланған бюджеті 2 трлн 806 миллиард теңге көлемінде бекітілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының биылғы нақтыланған бюджеті 2 трлн 806 миллиард теңге көлемінде болып бекітілді. Бұл туралы қалалық мәслихаттың кезектен тыс 42-сессиясында мәлім болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматы бюджетінің басым бөлігі әдеттегідей әуелі әлеуметтік салаға бөлінеді. Мәселен, қалада қазір 9 білім беру нысанын салу және құрылысын аяқтау жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жобалар Түрксіб, Алмалы, Алатау, Жетісу және Наурызбай аудандарындағы мектептерді қамтиды . Одан бөлек, медициналық әлеуетті арттыру күн тәртібіндегі келелі мәселе. Биыл шаһарда жаңа перзентхана мен амбулаторияның құрылысы басталмақ. Оған қала бюджетінен 3,6 млрд теңге бөлінеді.

«Биыл тамыз айында Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры ғимаратын қайта жаңғырту және оған қосымша құрылыс салу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Жобаны аяқтауға 3,5 млрд теңге қарастырылған. Қаланың туристік инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында Үлкен Алматы көліне дейін жаяу жүргіншілер жолын салуға 665 млн теңге және Медеу табиғи паркін көріктендіру жобасының бастапқы кезеңіне 2 млрд теңге бөлінді», деді Экономика және қаржы басқармасының басшысы Бауыржан Құдайбергенов.

Мәслихатта 2030 жылға дейінгі «Almaty Business» кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бекітілді. Ол шағын және орта бизнесті жүйелі дамытуға, қаржыландыруға және мегаполистегі инвестициялық белсенділікті арттыру бағытталған. Аталған бағдарлама 2019 жылдан бастап былтырға дейін іске асырылған, осы уақыт аралығында жалпы сомасы 56,5 млрд теңге болатын 793 жоба қаржыландырылып, 6400 жаңа жұмыс орны ашылған еді.

«Бағдарлама аясында алдағы 5 жылдың көлемінде жалпы сомасы 30,6 млрд қаражат бөлініп, 800-ден астам жоба қаржыландырылады деп күтілуде. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 5 мыңнан астам жұмыс орны ашылу жоспарлануда», деді  Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мәндібаев.

«Бағдарлама нақты бизнестерді қолдауға бағытталған. Әсіресе әлеуметтік кәсіпкерлер үшін арнайы шарттар қарастырылған. Мәселен олар үшін жылдық мөлшерлеме 6 пайызды құрайды. Қаражат барлық салаға бей-берекет бөлінбейді. Әр жоба арнайы комиссияның қарауына жеке-жеке ұсынылып, бекітіледі», деді қалалық мәслихат депутаты Руслан Идрисов.

Жауапты басқарма басшысының айтуынша, бағдарлама экономиканың басым салаларын күшейтіп, әлеуметтік кәсіпкерлікті қаржыландыруды арттыруға, инвестициялық белсенділікті еселетіп, жаңа жұмыс орындарын құруға және Алматы қаласындағы кәсіпкерліктің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Гүлмарал Изатқызы, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматыда тоғыз білім беру нысанының құрылысы аяқталуда

Новости партнеров