Алматы еліміздегі жасыл желек қоры ең мол қалалардың бірі
Алматыда көшет өсіретін жеке тәлімбақ құру жобасы пысықталуда. Бұл туралы қала әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді, - деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, Алматы еліміздегі жасыл желек қоры ең мол қалалардың бірі болғандықтан, көгалдандыру жұмыстарын дамыту жүйелі тәсілді талап етеді. Қазіргі уақытта ағаштардың, бұталардың және гүлдердің басым бөлігі шетелден сатып алынады. Бұл шығынды арттырып, сыртқы жеткізушілерге тәуелділікті күшейтеді.
"Жеке тәлімбақ құру қаланы отандық өндірістің сапалы көшеттерімен қамтамасыз етуге, көгалдандыру жұмыстарын тұрақты әрі тиімді жүргізуге және шығындарды азайтуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті шаһар басшысы.
Қала әкімі жауапты басқармаларға жобаның ұйымдастырушылық, қаржылық және жер мәселелерін жан-жақты пысықтап, тәлімбақты орналастыру үшін ең қолайлы аумақты анықтап, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, жеке тәлімбақ құру Алматының жасыл қорын нығайтып, тұрғындар үшін жайлы әрі қолайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Оқи отырыңыз: Алматының белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында жыл басынан бері 333 мыңға жуық қызмет көрсетілді