Алматыда Гиннестің рекордтар кітабына ұсынылатын 110 метрлік сырмақ әзірленуде

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының Бостандық ауданында дәстүр мен шеберлікті, ұлттық болмысты тоғыстырған ауқымды мәдени жоба жүзеге асырылуда. Аудан әкімдігінің қолдауымен «Қазақ аналары» әжелер қауымдастығы ұзындығы 110 метр болатын бірегей сырмақты дайындауға кірісті. Жоба нәтижесі Гиннестің рекордтар кітабына тіркеуге ұсынылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сырмақ дәстүрлі басу және тігу технологияларын сақтай отырып, толықтай қолмен жасалуда. Ою-өрнектерде қазақы нақыштың классикалық үлгілері пайдаланылып, әр тұсында ұрпақ сабақтастығы, қолөнерге деген құрмет пен ұлттық мұраны сақтауға деген ұмтылыс көрініс табады.

Бұл бастама көлемімен ғана емес, мазмұндық мәнімен де айрықша. Жоба ұлттық сәндік-қолданбалы өнерді дәріптеуге, аға буынның қоғамдағы рөлін нығайтуға және дәстүрлі құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған.

Сырмақты аяқтау 21 наурыз — Наурыз мерекесіне жоспарланған. Осы күні бірегей туынды көпшілік назарына ұсынылып, қазақ мәдениетінің бірлігі мен байлығын, шеберлік дәстүрінің өміршеңдігін айшықтайтын нышанға айналмақ.

Оқи отырыңыз: Алматыда 22 елдің қатысушылары жүгіру маусымын ашты

Новости партнеров