Алматының Цифрландыру басқармасы мен Almaty Hub жасанды интеллект саласындағы стартаптарды іске қосуға бағытталған AI’preneurs бағдарламасының бесінші легіне өтінім қабылдаудың басталғанын хабарлайды. Өтінім 2026 жылы 17 маусымға дейін Astana Hub платформасы арқылы қабылданады, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
AI’preneurs — технологиялық өнім жасап, AI-стартабын іске қосуды мақсат ететін түрлі ел мамандарын біріктіретін бағдарлама. Қатысушылар идеяны қалыптастыру мен команда жинаудан бастап MVP әзірлеу, алғашқы пилоттық жобаларды жүзеге асыру және инвестиция тартуға дейінгі кезеңнен өтеді. Бағдарламаға әзірлеушілер, инженерлер, AI-мамандар, product және project-менеджерлер, талдаушылар, кәсіпкерлер, маркетологтер және AI-өнімдер жасаумен айналысқысы келетін барлық ниет білдіруші шақырылады. Іріктеу барысында қатысушылардың өнім әзірлеу қабілетіне, гипотезаларды жедел тексеруіне және нақты нәтижелер көрсетуіне ерекше назар аударылады.
Бағдарлама бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең — төрт аптаға созылатын Founder Lab. Бұл кезеңде қатысушылар командасыз қатысып, бір-бірімен танысады, қарқынды практикалық жұмыстардан өтіп, болашақ стартап-командаларын құрады. Одан кейін Core Accelerator кезеңі басталады. Он аптаға жалғасатын бұл кезеңде командалар өнімдерімен жұмыс істеп, гипотезаларын сынақтан өткізеді, MVP әзірлейді және алғашқы пайдаланушыларға шығады. Сонымен қатар, коливинг қарастырылған: шетелдік және өзге өңірлерден келген қатысушыларға бағдарлама бойы жайлы тұрғын үй ұсынылады.
Бағдарламаның қорытындысы ретінде Demo Day ұйымдастырылады. Бұл күні үздік командалар жобаларын инвесторлар мен корпоративтік серіктестерге таныстырады.
Бағдарлама түлектері қатарында AI, HealthTech, EdTech, HRTech, FinTech, GameDev, өнеркәсіптік қауіпсіздік, цифрлық инфрақұрылым, компьютерлік көру және бизнес үдерістерді автоматтандыру бағыттарындағы стартаптар бар. Олардың қатарында SALESFLOW.TEAM, Ai Card, Salyq.AI, Chat Insider AI, Qural.AI, AVM.AI, Skideo, KAFTAN, RE:Create Video, STIKER.AI, ATeam, OYS, Co Founder AI, Yer AI Mentor, TabiLens, U-Drone, Botable.dev, Ping!, OMIR.AI, NIGIN, SolidRock, GoStratify, AiPrower, Corelis AI, Loadify.ai, Strimmeo, InnerSpace, Electi, Agesta.ai, DataX AI, RailGuard, Modeleon, Just EDU және Label-Gate жобалары бар.
Қатысушылар Almaty Hub инфрақұрылымына, GPU қуаттарымен жабдықталған AlemPlus платформасына, воркшоптарға, трекинг пен менторлық қолдауға қол жеткізеді. Үздік командалар SAFE-келісімшарты негізінде бастапқы инвестиция алуға, сондай-ақ Astana Hub халықаралық экожүйесіне қосылып, шетелдік нарыққа шығу мүмкіндігіне ие болады.
https://astanahub.com/ru/l/aiprenuersalmaty2026 платформасы арқылы толық ақпарат алып, өтінім беруге болады.
Оқи отырыңыз: Алматыда БФЛ-дің жаңа маусымы басталды: балалар футболы жаңа деңгейге көтерілуде