Алматыда спорттық резервті ғылыми қолдау бағдарламасы басталды

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласының Спорт басқармасы спорттық резерв спортшыларын функционалдық диагностикадан өткізу және ғылыми-медициналық қолдау жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыруды бастады,деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бүгінде спортшыны даярлау тек жаттығу мен жарысқа қатысумен шектелмейді. Спортшы ағзасының жүктемені қалай қабылдайтынын, қалпына келу деңгейін және шамадан тыс шаршау мен жарақат алу қаупінің бар-жоғын анықтау да аса маңызды. Сондықтан спорт ғылымының заманауи жетістіктері әлемдік тәжірибеде спортшыларды даярлаудың ажырамас бөлігіне айналып отыр.

Бағдарлама аясында спортшылар спорттық медицина мен функционалдық диагностиканың озық әдістерін пайдалана отырып, кешенді тексеруден өтеді. Зерттеу барысында мамандар жүрек-қантамыр жүйесінің қызметін, тыныс алу жүйесінің жай-күйін, төзімділік деңгейін және ағзаның физикалық жүктемеден кейінгі қалпына келу қабілетін бағалайды. Ол үшін InBody аппараты арқылы дене құрамын талдау, электроэнцефалография (ЭЭГ), сондай-ақ нақты уақыт режимінде сымсыз электрокардиографиялық бақылаумен жүргізілетін эргоспирометриялық тестілеу сияқты заманауи диагностикалық технологиялар қолданылады. 

Жоба Trinity Corp спорттық медицина және диагностика орталығының базасында жүзеге асырылуда. Қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде алматылық спортшылар кешенді медициналық тексеруден арнайы шарттар негізінде өту мүмкіндігіне ие болды. Диагностика спортшылардың функционалдық мүмкіндіктерін объективті бағалауға арналған арнайы жабдықтардың көмегімен жүргізіледі. 

Бағдарламаның алғашқы қатысушылары спортқа дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың тәрбиеленушілері болды. Қазіргі уақытта 133 жас спортшы тереңдетілген диагностикалық тексеруден өтуде. Жыл соңына дейін жоба аясында республикалық және халықаралық жарыстарға қатысатын Алматының спорттық резервіндегі 200-ден астам спортшы тексеруден өтеді.

Спорттық медицина дәрігерінің айтуынша, мұндай диагностиканың басты артықшылығы спортшының қазіргі физикалық дайындығын бағалаумен ғана шектелмейді.

«Заманауи спорттық диагностика ағзаның шамадан тыс шаршаудың, қалпына келудің жеткіліксіздігін және спорттық нәтижелердің төмендеуіне не жарақатқа әкелуі мүмкін қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер жаттықтырушылар мен мамандарға жаттығу үдерісін неғұрлым тиімді жоспарлап, жүктемені әр спортшының ерекшелігіне сай реттеуге және оның жағдайын даярлықтың барлық кезеңінде бақылауда ұстауға көмектеседі», – дейді маман. 

Жоба аяқталғаннан кейін оның нәтижелеріне жан-жақты талдау жүргізіліп, Алматы қаласының спорттық резерв спортшыларын ғылыми қолдау жүйесін одан әрі жетілдіру бағыттары қарастырылады.

Оқи отырыңыз: .Урбанистикадан жасанды интеллектке дейін: Алматыдағы «Талдау мектебі» жұмысын қорытындылады