Алматыда қоғамдық көлікті дамыту, жол инфрақұрылымын жаңғырту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы кешенді шаралар жалғасып жатыр. Бұл мәселелер Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен кеңесте қаралды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қоғамдық көлік жүйесін дамыту аясында 2026 жылы №96, №130 және №145 жаңа бағыттары іске қосылды. Сонымен қатар, жолақы төлеудің Avtobys электронды жүйесін кезең-кезеңімен жаңғырту басталды. Жаңартылған жүйе қолма-қол ақшасыз төлемнің барлық түрін қолдайды. Бұл ретте жүйе «Онай» қызметімен қатар жұмысын жалғастыра береді.
Қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтарды кеңейту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі таңда buslane жолақтарының жалпы ұзындығы 84 шақырым. Қосымша тағы 56 шақырым арнайы жолақ ұйымдастыру жоспарланған. Соның нәтижесінде арнайы жолақтардың жалпы ұзындығы 140 шақырымға жетпек.
Қалада жол қозғалысын оңтайландыру шаралары да жүзеге асырылып жатыр. Пилоттық режимде Жуков, Уәлиханов және Манаев көшелерінде біржақты қозғалыс енгізілді. Биыл маусым-шілде айларында осыған ұқсас шешімдерді қаланың басқа да көшелерінде енгізу жоспарланып отыр.
Велосипед инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылған. Қазіргі уақытта веложолдардың ұзындығы 89 шақырым. Қосымша тағы 38,5 шақырым жаңа веложол салу көзделген.
Сонымен қатар, жол белгілері мен жол таңбаларын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қалада 3842 жол белгісі қалпына келтіріліп, ауыстырылып немесе жаңадан орнатылды. Ал жол таңбалары көше-жол желісінің 1700 шақырым аумағында сызылды.
Бұдан бөлек, жол қозғалысын автоматтандырылған басқару жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алматыда 642 бағдаршам нысаны бар, олардың бір бөлігі автоматтандырылған жүйеге қосылған. Жоба аясында бағдаршамдарды одан әрі жаңғырту және интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарланған.
Аялдама инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қалада 2261 аялдама пункті бар болса, олардың 2089-ы арнайы павильондармен жабдықталған. 2026 жылдың соңына дейін қоғамдық көлік аялдамаларына LED-таблолар орнату жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, кикшеринг қызметтерінің жұмысын реттеу бағытында да шаралар қабылдануда. Электросамокаттар үшін қалалық орта ерекшеліктеріне қарай жаңа жылдамдық режимдері енгізіліп, микромобильді көлік құралдарын пайдалану талаптары күшейтілуде.
Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы өкілдерінің мәліметінше, қолға алынған шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, тұрақты қалалық мобильділікті дамытуға және Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы көлік ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Оқи отырыңыз: Алматыда Балаларды қорғау күніне орай тегін медициналық тексерулер мен кеңестер өтеді