Cirque du Soleil: әлемге әйгілі канадалық ұжым Қазақстанда өнер көрсетеді

26.05.2026 15:46

OVO шоуының тұсаукесері алғаш рет 2009 жылы Монреаль қаласында өткен

Әлемге әйгілі Cirque du Soleil Қазақстанда өнер көрсетеді. Биыл канадалық ұжым Орталық Азиядағы алғашқы ресми гастрольдерін өткізіп, көрерменге жаңартылған OVO шоуын ұсынады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Қойылым маусым айында Астана және Алматы қалаларында өтеді. Бұл – цирк ұжымының Қазақстандағы Expo 2017 көрмесінен кейінгі алғашқы үлкен сапары. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, әр қалада жеті қойылымнан көрсетіледі. Оның ішінде 4 кешкі, 2 күндізгі және демалыс күндері арнайы таңертеңгі шоу ұйымдастырылады. Акробатикалық трюктер, ерекше сахналық безендіру мен әсерлі музыканы тоғыстырған қойылым көрерменге жәндіктер әлемінің ғажайып хикаясын ұсынады.

Айта кетейік, OVO шоуының тұсаукесері алғаш рет 2009 жылы Монреаль қаласында өткен. Содан бері әлемнің 40-тан астам елін аралап, 10 миллионнан аса адамның ықыласына бөленді.

«Астанадағы алғашқы шоу 4 маусымда өтеді. Бірақ әртістер дайындықты бүгіннен бастап жатыр. Даярлық шамамен бір аптадан да көп уақыт жүреді. Қазірдің өзінде сахна реттеліп, техникалық жабдықтар орнатылуда. Сонымен қатар үлкен әрі күрделі репетициялар басталады. Сахнада 60-тан астам адам өнер көрсетеді, ал жалпы келген әртістер мен қызметкерлер саны 100-ден асады. Өйткені олармен бірге техникалық мамандар, шеберлер, жаттықтырушылар келеді. Тіпті өз аспаздары мен инженерлері де бірге жүреді. Инженерлер сахнаның қауіпсіздігін тексеріп, декорацияның дұрыс құрылуын қадағалайды», – деді ұйымдастырушы Виктория Торгунакова.

Оқи отырыңыз: Алматы тау кластері кәсіпкерлікке жаңа серпін береді