Алматыда алғаш рет FIBA Азия кубогы – 2029 турнирінің алдын ала іріктеу матчтары өтеді

26.08.2026 10:50
пресс-служба акима Алматы

26-31 тамыз аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында қала әкімдігінің қолдауымен FIBA Азия кубогы – 2029 турнирінің алдын ала іріктеу кезеңі бірінші раундының В тобындағы матчтары өтеді. Қазақстан 2029 жылғы турнирге қатысушыларды анықтайтын жаңартылған іріктеу жүйесінің бастапқы кезеңіндегі ойындарды алғаш рет қабылдап отыр. Бұл туралы қалалық Спорт басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы осы раундтың матчтары өтетін Орталық Азиядағы жалғыз қала болмақ. Дәл осы кезеңнің матчтары Дубайда (БАӘ), Серембанда (Малайзия) және Ұлан-Батырда (Моңғолия) да ұйымдастырылады. Алдын ала іріктеудің бірінші раундына төрт топқа бөлінген 18 ұлттық құрама қатысады.

Алматыда Қазақстан құрамасы Палестина, Шри-Ланка, Мальдив аралдары және Қырғызстан командаларымен кездеседі. Турнир айналмалы жүйе бойынша өтіп, топтағы үздік үш құрама алдын ала іріктеудің екінші раундына жолдама алады.

Бұл турнир Қазақстан құрамасына топтық кезеңдегі барлық кездесуін өз алаңында, жанкүйерлерінің қолдауымен өткізуге мүмкіндік береді.

Екінші раундтың қорытындысы бойынша FIBA Азия кубогы – 2029 турнирінің іріктеу кезеңінде жарысты жалғастыратын командалар анықталады. Бұл кезеңде оларға 2025 жылы Жиддада өткен турнирге қатысқан 16 құрама қосылады.

Қазақстан құрамасы 1992 жылдан бері құрлықтық деңгейдегі жарыстарға қатысып келеді. Команданың үздік нәтижесі – 2007 жылғы Азия чемпионатындағы төртінші орын. Сол жарыста қазақстандықтар жартылай финалға дейін жетті. Алдыңғы іріктеу кезеңінде ұлттық құрама Үндістан мен Катарды жеңгенімен, 2025 жылғы Азия кубогының финалдық кезеңіне шыға алмады.

Алматыда алдын ала іріктеу матчтарының өтуі қаланың халықаралық баскетбол бағытындағы бастамаларының жалғасы болмақ. Бұған дейін Алматыда Орталық Азия баскетбол қауымдастығы Үйлестіру кеңесінің отырысы өткен, ал Қазақстан өкілдері FIBA Asia құрылымдарының жұмысына қатысып келеді.

Турнир жас спортшылар мен студенттерге халықаралық деңгейдегі баскетбол бәсекесін тікелей тамашалауға мүмкіндік береді. Елімізде алты өңірдің жас баскетболшыларын қамтитын NBA Kazakhstan бағдарламасы, сондай-ақ Ұлттық студенттік баскетбол лигасы жұмыс істейді, деп түсіндірді Алматы қаласының Спорт басқармасының өкілдері.

Оқи отырыңыз:  Алматыда Марфуға Айтқожинаны 90 жас мерейтойымен құттықтады

Толық көрсету