Конкурстық комиссия құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, беделді қоғам қайраткерлері, сондай-ақ педагогика және білім беру менеджменті саласындағы тәуелсіз сарапшылар кірді
Алматы қаласының Білім басқармасы мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларының бос лауазымдарына үміткерлермен конкурстық сұхбатты жаңа, ашық форматта өткізді. Қала тарихында алғаш рет іріктеу үдерісі тікелей эфирде көрсетіліп, кез келген азаматқа конкурстық комиссия жұмысының барысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік жасалды,
12 наурызда сағат 15:00-де өткен іс-шара Алматы қаласы Білім басқармасының ресми Instagram парақшасында тікелей эфирде көрсетілді. Бұл бастама білім беру саласындағы мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
Конкурстық комиссия құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, беделді қоғам қайраткерлері, сондай-ақ педагогика және білім беру менеджменті саласындағы тәуелсіз сарапшылар кірді. Үміткерлер ашық форматтағы сұхбаттан өтіп, оның барысында комиссия мүшелері олардың кәсіби құзыреттілігін, білім беру ұйымдарын дамытуға қатысты стратегиялық көзқарасын және басқарушылық әлеуетін жан-жақты бағалады.
Жаңа формат іріктеу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етіп, шешім қабылдаудың жария әрі әділ болуына жағдай жасады. Тікелей эфир көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырып, көпшілікке мегаполистің білім беру жүйесінің кадрлық резерві қалай қалыптасатынын өз көздерімен көруге мүмкіндік берді.
Алматы қаласының Білім басқармасы алдағы уақытта да білім беру жүйесінде кадрлық саясаттың ашықтығын арттыруға бағытталған бастамаларды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Оқи отырыңыз: Алматылық бүлдіршіндер қалдықтардан түрлі бұйымдарын жасауда