Алматылық бүлдіршіндер қалдықтардан түрлі бұйымдар жасауда

Өзге балабақшалардан ерекшелігі мекемеде керексіз қалдықтарды кәдеге жаратып, оларды пайдалы дүниеге айналдыру дәстүрге айналған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Бостандық ауданында қалдықтарға жан бітіріп, тазалықты ту еткен ерекше балабақша жұмыс істейді. Мұнда тұрмыста қолданылған заттар қоқысқа тасталмай, балалардың шығармашылығына жаратылады. Кішкентай бүлдіршіндер тәрбиешілерінің көмегімен түрлі бұйымдарын жасап, қоршаған ортаға жанашырлық танытуды үйреніп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Бостандық ауданындағы № 85 бөбекжай. Өзге балабақшалардан ерекшелігі мекемеде керексіз қалдықтарды кәдеге жаратып, оларды пайдалы дүниеге айналдыру дәстүрге айналған. Мәселен, бүлдіршіндер сусын ішетін түтіктерден түрлі-түсті білезік жасап үйренсе, өрік дәндерінен сан алуан бұйымдар дайындайды. Бұдан бөлек, тоқыма жіптер мен түймелерден көбелек, гүл бейнесіндегі әсем кәдесыйлар жасап, шығармашылық қабілетін шыңдап жүр.¤

«Табиғи заттардан керек дүние жасаймыз. Сусын ішеміз, сыртын қоқысқа тастай саламыз. Ол қалдық бөтелке жерге сіңбейді. Ол сіңу үшін жоқ дегенде 500 жыл керек. Біріншіден, біздің өмірімізге зиян. Екіншіден, табиғатты ластаймыз, жануарларға да, орманды табиғаттарға да зияны келеді», – деді № 85 бөбекжай-балабақшасының әдіскері Маржан Қантаева.

Балабақша ұжымының айтуынша, бастама мекеме басшылығының Сингапур еліне жасаған жұмыс сапарынан кейін қолға алынған. Сондай-ақ жылдық жоспар аясында экология тақырыбында арнайы семинар ұйымдастырылыпты. Содан бері бүлдіршіндер керексіз қалдықтардан 100-ге жуық түрлі бұйым дайындаған.

«Біз қалдық затқа екінші рет жан бітіріп жатырмыз. Оны біраз жылдан бері қолданып келе жатырмыз. Балаларға тек сәндік қана үшін емес оларды күнделікті қолдануға болатынын түсіндіреміз. Мысалы алғанда өріктің дәнін сыртын жейді балалар, ал ішін қолданысқа енгізеді. Оны жуып тазалап, балаларға дайындап береміз. Балалар одан түрлі түсті заттар жасайды», – деді тәрбиеші Толқын Боранбаева.

«Балалардың қол маторикасын дамыту үшін алаша тоқымыз. Экологияға байланысты өсімдіктерді, гүлдерді, күнді, табиғатты және балалар қолданатын заттарды жіппен тоқып, жасап жатырмыз», – деді тәрбиеші Халима Қаңлыбаева.

Бөбекжай балабақшада экологиядан бөлек, ұлттық құндылықтарға да басымдық берілген. Балақайлар күнделікті алаша тоқу, киіз басу сияқты жұмыстармен айналысады. ¤

Тазалықты ту еткен балабақшада тұрмыстық қалдықтар мен қарапайым заттардан ерекше сәндік көйлектер де әзірлейді. Тәрбиешілердің көмегімен дайындалған киімдер ертеңгіліктерде ұйымдастырылатын сән көрсетілімінде көпшілік назарына ұсынылады.

Айта кетейік, балабақшада 11 топ жұмыс істейді. Онда 270 бала тәрбиеленіп жатыр.

Мәди Мәлік, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Өсімдіктерді қар басып қалды: Биыл «қызғалдақ астанасы» рекордтық көрсеткішті жаңарта ала ма

 

 

 

 

Новости партнеров