Алматыда 6 маусымнан бастап №134 және №140 жаңа қалалық автобус бағыттары іске қосылады. Бұл туралы Алматы қаласының Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының өкілдері мәлімдеді. Жаңа бағыттар тұрғындардың көлік қолжетімділігін арттыруға және қатынау қолайлылығын жақсартуға бағытталған, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бағыттарға «NomadBus» ЖШС қызмет көрсетеді. Күн сайын желіге Yutong маркалы 23 автобус шығады. Олар – ұзындығы 12 метр болатын төмен еденді электр автобустар. Әр автобустың сыйымдылығы 90 жолаушыға арналған, бұл қарбалас уақытта жоғары жолаушыларға тиімді қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Жылжымалы құрам жайлылығымен, кеңдігімен, қозғалыс тұрақтылығымен ерекшеленеді және қауіпсіздік пен экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді.
Жаңа бағыттарды іске қосу тасымалдаушының жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылды. Электр автобустарды сатып алу мен қаржыландыру «NomadBus» ЖШС-нің қаражаты есебінен жүргізіліп, қала бюджеті қаражаты пайдаланылған жоқ.
№134 бағыт Алматы-1 теміржол вокзалын «Автостанция» соңғы аялдамасымен байланыстырады. Бағыттың ұзындығы – 39,7 шақырым. Автобустар күн сайын сағат 05:50-ден 23:00-ге дейін қатынайды.
№140 бағыт «Райымбек батыр» метро бекетін «Таулы қырат» шағынауданындағы соңғы аялдамамен байланыстырады. Бағыттың ұзындығы – 18,4 шақырым. Автобустар күн сайын сағат 05:55-тен 23:00-ге дейін қатынайды.
Жаңа бағыттардың іске қосылуы Алматының солтүстік және оңтүстік бөліктері арасындағы көлік байланысын жақсартып, тұрғындардың әлеуметтік нысандарға, білім беру және медициналық мекемелерге қолайлы қатынауын қамтамасыз етеді.
Оқи отырыңыз: Польша делегациясы Алматының туристік әлеуетін бағалады