Алматыда жаңа метро бекетінің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталмақ

13.02.2026 21:31

«Қалқаман» стансасындағы 2 жылға жоспарланған негізгі жұмыстар 11 ай ішінде жасалып біткен

Алматыда жаңа метро бекетінің құрылысы мерзімінен бұрын аяқталмақ. «Қалқаман» стансасындағы 2 жылға жоспарланған негізгі жұмыстар 11 ай ішінде жасалып біткен. Бүгін тоннель қазу ісі соңына жетті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жолаушылар асыға күткен «Қалқаман» бекетіндегі негізгі шаруа аяқталды. Оның құрылысына 32,8 мың текше метр бетон жұмсалыпты. Ал қазір нысанның ішін әрлеу кезеңі жүріп жатыр.

Айта кетейік, стансада төрт кіреберіс болады. Автоматты есіктер, төлем жүйелері, кассалар, эскалаторлар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жеделсаты орнатылмақ.

«Мамырда іске кірістік. Сегіз айдың ішінде тоннельді толық қазып шықтық. Әрине, қиындықтар болды. Ірі домалақ тастар кездесті, оларды арнайы құралдармен үгітіп отырдық. Бригаданың бірлескен еңбегінің арқасында аумақтың жұмысын сәтті аяқтадық», – деді бригадир Сәбит Сәдбенов

Бүгін «Бауыржан Момышұлы» бекетінен «Қалқаман» стансасы арасындағы ұзындығы 1593 метр болатын оң жақ бағыттағы тоннель қазылып бітті. Шамамен 650 метрді құрайтын рельс төселді. Ал сол жақ тоннель толығымен дайын. Пойыз жолы, байланыс желілері, өрт сөндіру жиынтығы мен бейнебақылау камералары түгелдей қойылған. Алматы сейсмикалық аймақта орналасқандықтан, станса мен жерасты өткеліне арнайы бақылау жүйесі де енгізіледі.

«Атымыздағы тұрған щитті жер бетіне шығаруымыз керек. Жұмыстардың барлығы әрі қарай жалғастырып, наурыздың соңында бір деңгейге келтіруіміз керек. Тоннельде рельс пен кабель ілуіміз керек», – деді бас мердігер ұйымның өкілі Мұрат Үкшебаев.

Егер жұмыс кестеге сай жалғасса, нысан биылдың алғашқы жартыжылдығында арнайы тексерістен өтеді. Ал жыл соңына қарай қолданысқа берілмек. Мердігер компания алдағы уақытта «Қалқаман» стансасынан «Барлық» бекетіне дейінгі жаңа желіні де салуға ниетті. Бұл бағытта тағы үш жаңа станса мен 4,2 шаршы шақырым жерасты өткелі қарастырылған көрінеді.

Мамандардың айтуынша, нысан жобасы толық қаржыландырылса, құрылыс 2,5 жыл ішінде аяқталуы мүмкін.

Айдана Шалқар, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз:Алматыда медициналық инфрақұрылымды ауқымды жаңарту жалғасуда