Алматыда Баум тоғайын ауқымды көріктендіру жұмыстары аяқталды

22.05.2026 16:55
пресс-служба акима Алматы

Алматыда 130 жыл бұрын орманшы-ғалым Эдуард Баум негізін қалаған қаладағы ең ірі табиғи аумақтардың бірі Баум тоғайын көріктендіру бойынша негізгі жұмыс аяқталды. Жоба қала әкімі Дархан Сатыбалдының қоғамдық және экологиялық кеңістіктерді дамыту бастамасы аясында жүзеге асырылды, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Аумағы 137,7 гектар болатын жасыл алқап Түрксіб ауданында Сейфуллин және Сүйінбай даңғылдарының арасында орналасқан. Жаңартылған тоғай тұрғындардың демалысына арналған заманауи қоғамдық кеңістікке айналады. Жобаның басты қағидаты — экожүйені барынша аялау болды. Жұмыстар тоғайдың тарихи және табиғи келбетін сақтай отырып, экожүйеге ұқыпты қарау қағидатымен жүргізілді. Көріктендіру барысында бірде-бір ағаш кесілген жоқ. Керісінше, аумаққа шырша, тал, қайың, терек, тұт және жиде секілді мыңнан астам көшет отырғызылды.

Жобаны жүзеге асыру қалалық орта сапасын арттыру, табиғи мұраны сақтау және бизнес пен әкімдік арасындағы тиімді серіктестіктің жарқын үлгісіне айналды. Баум тоғайын жаңғыртуға BAZIS-A компаниясы жеке инвестиция есебінен 4,7 млрд теңге бөлді. Жұмыстар 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың мамырына дейін кезең-кезеңімен жүргізілді.

Тоғай аумағында шағын сәулет нысандары, демалыс орындары мен спорт алаңдары пайда болды. Бұл ретте табиғи рельеф пен топырақ қабаты толық сақталған.

Тоғайдың шет жағында спортпен айналысып, белсенді демалуға жағдай жасалған. Ішкі бөлігінде тыныш серуендеуге арналған орындар бар. Ал табиғатты сақтау үшін кей аумақтарға әдейі көп өзгеріс енгізілмеген.

Орнатылған шатыр мен үш теннис үстелі бүгінде скандинавиялық серуенмен айналысатын зейнет жастағы тұрғындардың сүйікті орнына айналып үлгерді.

Тоғайда жалпы ұзындығы 23 шақырымнан асатын серуен бағыттары жаңартылды. Веложолдарға жаңа асфальт жабыны төселіп, жүргінші жолдары мен экосоқпақтар арнайы экологиялық жабынмен нығайтылды. Бұл жабын жауын-шашынға төзімді әрі жылдың кез келген мезгілінде серуендеуге қолайлы.

Келушілердің жайлылығы үшін аумаққа 196 орындық, 26 ландшафтық әткеншек, 66 пергола мен күрке орнатылып, бес пикник аймағы жасақталды. Көріктендіру құрылмдарының барлығы тоғайдың табиғи ландшафтымен үйлесімді біріктірілген. Ит серуендетуге арналған алаң 414 шаршы метрге дейін кеңейтіліп, кинолог мамандардың ұсыныстары негізінде жаңа жабдықтармен толықтырылды.

Отбасылық және белсенді демалыс инфрақұрылымына ерекше көңіл бөлінді. Тоғай аумағында табиғи материалдардан жасалған ойын кешендері бар 7 балалар алаңы, 6 workout-аймақ, үстел теннисі мен йогаға арналған алаңдар, сондай-ақ экстремалды велоспортқа арналған памп-трек салынды.

Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады. Аумақта 593 биік шам және 1019 төмен жарықтандыру құрылғысы орнатылды. Сонымен қатар заманауи бейнебақылау жүйесі енгізілді: жаңа буындағы 109 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Барлық камера нақты уақыт режимінде жұмыс істеп, мобильді полиция бекеттерімен біріктірілген.

Жобаның ерекше нысандарының бірі — Баум тоғайының негізін қалаушы Эдуард Баумға арналған бедерлі 3D-композиция. XIX ғасырдың соңында оның жетекшілігімен өңірдегі көптеген жасыл желек егіліп, бірегей арық жүйесі жасалды, ал тоғай орман-саябақ аймағына айналды. Эдуард Баум көгалдандыру жұмыстарымен айналысып, отырғызылатын көшеттерді өзі іріктеген, емен, қарағаш және өзге де ағаш түрлерін еккен. Бүгінде тоғайдағы ғасырлық емендердің бірқатарын өзі отырғызған.

Композицияны орнату жұмыстары алматылық тарихшы-өлкетанушы Олег Туляндинтің жетекшілігімен жүргізілді. Мердігер ұйым басшысы Антон Антоновтың айтуынша, композицияның авторы әрі идеялық бастамашысы Эдуард Баумның есімін ұлықтау жобасына жан-тәнімен атсалысқан Андрей Краснокуцкий.

«Ол италиялық дизайнерлерді шақырды, ал біз қаланың жақсы жаққа өзгеруіне үлес қосқанымызға қуаныштымыз», — деді Антон Антонов.

Сүйінбай даңғылы жағында ғалымға арналған инсталляция орналасса, Сейфуллин даңғылы жағында табиғаттың өсуі мен дамуын бейнелейтін «Жылдық сақиналар» композициясы қойылды.

Аумағы 71 960,60 шаршы метр болатын Баум тоғайын көріктендіру жұмыстарының аяқталуы Алматы үшін маңызды бұл орын тарихының жаңа кезеңін ашты.

1978 жылдан бері тоғай маңында тұратын аудан тұрғыны Надежда Калинина әсерін айтты. «2002 жылға дейін Сүйінбай бойындағы өрт сөндіру бөлімінің жанындағы «Сувенир» фабрикасында жұмыс істедім. Жұмысқа барып-қайтуға қорқатынмын. Бір кездері қауіпсіздік үшін тоғайды айналып өтетінбіз. Қазір мүлде басқа жағдай. Қорықпай серуендейміз, саңырауқұлақ тереміз. Бұрын үлкен топ болып келетінбіз. Енді кешке дейін еркін серуендеймін, қылмыстан немесе аяғымды қайырып аламын деп қорықпаймын. Қоқыс жәшіктері, орындықтар, тротуарлар мен жарықтандыру бұл жерді адам танымастай өзгертті. Сондай-ақ 1918 жылы осы жерде қаза тапқан епископ Пименге арналған ескерткіштің де ретке келтірілгенін атап өткім келеді», – деді ол.

Алматылық Людмила Киселева да бұл пікірді қолдап:

«Бұрын қорқынышты еді, қазір мегаполистің ішінде нағыз орманның ауасындай таза ауамен кешкісін еркін серуендейміз. Балаларымен, немерелерімен қыдырып жүрген көптеген отбасыларды көреміз. Сүйікті саябағымыздың қала қарбаласынан тынығып, табиғатпен оңаша қалатын орынға айналғаны үшін алғыс айтқым келеді», — деді.

Тағы бір келуші Дәулет Нұрғалиев спорт алаңына жиі келетінін айтты. Ол бұл жерде 10 жылдан бері спортпен айналысып жүргенін жеткізді.

«Қазір мұнда балаларымен бірге отбасылар емін-еркін келеді, өзім де үнемі жүгіріп, турникке тартыламын. Бұл өзгерістер қуантады. Қураған ағаштар алынып, бұрын кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін бұтақтар кесіліп жатыр», — деді ол.

Скандинавиялық серуендеу клубының мүшесі, зейнеткер Василий Михайличенко да өзгерістерге оң баға берді:

«Өзгерістерге қатты риза болдық. Бұрын бұл жер қауіпті көрінетін, қазір заманауи саябаққа айналды. Спортпен айналысуға барлық жағдай жасалған», – деді ол.

Оқи отырыңыз: «Жер аманаты» комиссиясында Family Рark-ті мемлекет меншігіне қайтару мәселесі талқыланды