Өткен жылы материалдардың қымбаттауына байланысты жоба 8 ай бойы түзетілді
Қала әкімі Ерболат Досаев Төменгі Бесарық шағын ауданының тұрғындарына сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылыс мерзімі мен сапасына қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінгі күні жоспарланған 115,5 км су құбырының 100 км-і, 31,8 км кәріз желісінің 27,8 км-і салынды. Желілерге 4080 абонент, 67 көше қосылады. Алматы әкімі атап өткендей, асфальттау желілерді төсеу мен тексеруден кейін жүргізіледі, осылайша жол жабынын қайтадан қазбауға мүмкіндік туады. 45 көшеде асфальт төселді, барлығы 280 мың шаршы метр жол жабынын қалпына келтіру жоспарланған, соның 150 мың шаршы метрі қалпына келтірілді.
Тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстың сапасына назар аударғандықтан, Ерболат Досаев инженерлік желілер бойынша техникалық бақылауды жүзеге асыратын компаниямен бірлесіп бақылауды күшейтуді тапсырды. Асфальттау сапасын Қалалық мобилділік басқармасы мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы тексереді. Сонымен қатар мердігерге жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жеке тротуарлардың құрылысын жүргізу қажеттігі туралы ескертілді.
Қала әкімі құрылыс жұмыстары 15 желтоқсанға дейін аяқталатынын атап өтті.
«Бұл жобаның жағдайын өте жақсы білемін. Инженерлік желілерді белгіленген мерзімде сапалы түрде жүргізу біздің мүддеміз бен тұрғындардың мүддесі. Бұл көшелердің асфальтталуына да қатысты. Егер де жол жабыны шөгіп немесе бүлінсе, мердігер кепілдік міндеттемелері аясында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Тұрғындар көтерген барлық мәселе бойынша тапсырмалар берілді, олар хаттамамен бекітілді және менің жеке бақылауымда болады», - деді Ерболат Досаев.
Айта кету керек, Төменгі Бесарық шағын ауданында су құбыры мен кәріз желілерін салу жобасы 2021 жылдан бастап Энергетика және су шаруашылығы басқармасының тапсырысы бойынша «Алвис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жүзеге асырылуда. Өткен жылы материалдардың қымбаттауына байланысты жоба 8 ай бойы түзетілді.
Оқи отырыңыз: Алматыда тамақтану орындарында экологиялық норма заңнамалық тұрғыдан реттеледі