Жетісу ауданында бұрынғы өндірістік қуатын жоғалтқан кәсіпорындардың өнеркәсіптік қорын кезең-кезеңімен қайта құру жұмыстары басталды. Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен жұмыс істеп тұрған әрі бұрын белсенді қызмет атқарған өндірістік алаңдардың базасында шағын өнеркәсіп парктерін құру жөніндегі қалалық бастама жүзеге асырылып жатыр, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Қазіргі уақытта ауданда аумағын жаңғыртып, шағын өнеркәсіп паркке айналдыруға дайын екенін білдірген 10-нан астам өнеркәсіптік кәсіпорын айқындалды. Бұл инфрақұрылымның тозуы немесе технологияның ескіруіне байланысты өз бетінше жаңаруға мүмкіндігі жоқ болғанымен, инженерлік желілері тартылған өндірістік алаңдары сақталған маңызды нысандар.
Шағын өнеркәсіп парктерінің форматы бір мезетте бірнеше шағын және орта бизнес субъектісін орналастыруға арналған заманауи өндірістік кеңістік құруға бағытталған. Мұндай тәсіл бұрын толық пайдаланылмаған цехтар мен қойма ғимараттарын қайтадан шаруашылық айналымға енгізуге мүмкіндік береді.
Алғашқы пилоттық алаңдар ретінде өнеркәсіптік әлеуеті жоғары әрі орналасуы қолайлы нысандар іріктелді. Олардың қатарында бетон және темірбетон бұйымдарын шығаратын «Темірбетон-1», жол қозғалысын ұйымдастыруға арналған өнімдер өндіретін «Жол белгілері зауыты», сондай-ақ бұрын Алматы ет комбинаты орналасқан аумақтағы «Нұрәлем Алматы» бар.
Қазіргі кезде Алматы әкімдігінің қолдауымен кәсіпкерлер «Almaty Finance» АҚ арқылы жеңілдетілген қаржыландыру алу үшін құжаттар топтамасын әзірлеп жатыр. Қаражат ғимараттарды жаңартуға, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталады.
Жоспар бойынша шағын индустриялық парктердің аумағы 5 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейін жетеді. Қаржыландыру бекітіліп, рұқсат құжаттары рәсімделген соң заманауи, қауіпсіз әрі экологиялық талаптарға сай өндірістік алаңдарды құруға бағытталған құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.
Оқи отырыңыз: Алматыда Минималды инвазивті кардиохирургия (MICS) орталығы мен Аорта патологиясы орталығы ашылды