Алматыда халықтың мүмкіндігі шектеулі топтары үшін қалалық инфрақұрылымның қолжетімділігіне алғаш рет жүйелі әрі ауқымды талдау жүргізілді. Бұл туралы мегаполистің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері айтты, - деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Ведомство мәліметінше, барлығы 34,1 мың нысан паспортталды. Оның ішінде 733 мемлекеттік нысан (3%), 21,3 мың жеке сектор нысаны (62%), 9,4 мың көппәтерлі тұрғын үй (27%) және 2,7 мың қоғамдық көлік аялдамасы (8%) бар. Талдау нәтижелері 2030 жылға дейін нысандардың кемінде 75 пайызын бейімдеуге негіз бар екенін көрсетті.
Үдерісті автоматтандыру мақсатында «АДО» АҚ-ның Ситуациялық орталығы әзірлеген «Сандық инклюзия. Нысан паспортының тіркелуі» мобильді панелі қолданылады. Бұл жүйе нысандарды паспорттау барысының барлық кезеңін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Әкімнің инклюзия мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісімен бірлесіп, қолжетімді ортаны қамтамасыз етудің өңірлік қағидалары әзірленіп жатыр. Аталған қағидаларды қабылдау кедергісіз ортаның жүйелі дамуын қамтамасыз етіп, цифрлық құралдарды пайдалану арқылы жобалау-сметалық құжаттамаға және жаңа нысандарды пайдалануға беру үдерісіне бақылауды күшейтеді. Сондай-ақ, нысандарды жобалау, салу және пайдалану бойынша бірыңғай стандарт бекітеді.
inva.gov.kz порталына қала бойынша 9,9 мыңнан астам нысан туралы мәлімет енгізілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша нысандардың 60 пайызы бейімделді, бұл жоспарланған көрсеткіштің 100 пайызына сәйкес келеді. Ал 2026 жылы шамамен 5,7 мың нысанды бейімдеу жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда көрнекті ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына арналған әдеби-поэзиялық кездесу өтеді