Индустриялық өсім: Қазақстанда жүздеген жаңа өндіріс ашылды

10.02.2026 11:13

Өткен жылы 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылды

пресс-служба Правительства

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов өңдеу өнеркәсібін дамытуды ынталандыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Премьер-министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібіндегі қазіргі өсім қарқыны экономиканы толыққанды әртараптандыру үшін жеткіліксіз. Осыған байланысты өңдеуші кәсіпорындардың дамуына серпін беретін жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Қазіргі таңда «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша қаржыландыру тетіктері арқылы металлургия, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені салаларында жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын жобалар іске асырылуда.

Сондай-ақ салалық министрліктерге әрі қарай өңдеуге бағытталған өндіріс орындарын ашу мәселелерін алдын ала жан-жақты пысықтау міндеті жүктелді. Жалпы алғанда, өткен жылы 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылды, тағы осынша нысанның құрылысы аяқталуға жақын.

Өңдеу саласына тартылатын инвестиция көлемінің тұрақты өсуі үшін экономиканы шикізатпен қамтамасыз ету маңызды. Осыған байланысты геологиялық барлау жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Премьер-министр 2025 жылы 1:50 000 масштабтағы геологиялық картаны әзірлеу жұмыстары басталғанын атап өтті. Бұл қазіргі таңда пайдаланылып жүрген кеңестік кезеңде жасалған 1:200 000 масштабтағы картаның орнына енгізіледі.

Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жылда мемлекет тарапынан геологиялық барлау жұмыстарына шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынбақ. Салыстыру үшін айтқанда, соңғы 30 жылда бұл салаға барлығы 760 млн АҚШ доллары жұмсалған.

Нәтижесінде перспективалы учаскелерде сейсмикалық сынақтардан бастап аэрогеофизикалық зерттеулерге дейінгі жұмыстар жүргізіліп, 100 мың шаршы шақырым аумақ қамтылады. Бұдан кейін жыл сайын қосымша 30 мың шаршы шақырым аумақта барлау жұмыстары жүзеге асырылатын болады.

Шикізат базасын кеңейту мақсатында мемлекеттік қаржыландырумен қатар, геологиялық барлау саласына жеке инвестициялар да тартылып жатыр. 2023 жылдан бері жеке инвестиция көлемі 500 млн АҚШ долларынан асты.

Оқи отырыңыз: Үкімет шетелдік инвестициялар бойынша жаңа көрсеткіштерді жариялады