Жайлы қала: Алматыда жаңа серуен және демалыс аймақтары ашылады

06.08.2026 15:45

Дархан Сатыбалды абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді

Жайлы кеңістік, балалар алаңы мен жаттығу құрылғылары. Алматыдағы Розыбакиев және Жароков көшелері бұрынғы келбетін өзгертіп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Қазір Әл-Фараби даңғылынан Төле би көшесіне дейінгі аралықта абаттандыру және шағын сәулет нысандарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды екі көшеде атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, жауапты басқармалар мен мердігер ұйым өкілдеріне жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын тапсырды.

Алдағы уақытта бұл аумақтарда жаяу жүргіншілер, велосипедшілер және балалар үшін қолайлы кеңістік жасақталады. Атап айтқанда, кеңейтілген тротуарлар, веложолақ, жаңа жарықтандыру жүйесі, жасыл аймақтар мен спорт алаңдары салынады.

«Құрылыс жұмыстарына шамамен 150 адам мен 40-қа жуық арнайы техника жұмылдырылған. Күн сайын белгіленген аумақтарда демонтаж және монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді мердігер ұйымның өкілі Еркебұлан Қалыбеков.

Сондай-ақ қала әкімі абаттандыру жұмыстары жалғасып жатқан «Оңтүстік» және «Ганди» саябақтарын да аралады. Қазір онда көгалдандыру, автоматты суару жүйесін орнату, жол жамылғысын төсеу және сыртқы жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыс сапарының соңында шаһар басшысы жауаптыларға жобаның сапалы, тұрғындардың сұранысына сай әрі мерзімінде орындалуын тапсырды.

Оқи отырыңыз: Астанада Comic Con Astana-2026 фестивалі басталды