Алматыда еңбек ұжымдары Құрылтай сайлауына белсенді қатысуға ниетті

06.08.2026 16:08

Кәсіпорын қызметкерлері әр дауыстың ел болашағына қосылған үлес екенін айтты

Еңбек ұжымдары қазақстандықтарды алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысуға шақырады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыдағы асфальтбетон зауытының жұмысшылары аталған саяси науқан ел болашағын айқындайтын маңызды оқиға екенін айтып, оған ұжым болып бір кісідей атсалысатынын жеткізді.

Айта кетейік, бұл зауыт – 60 жылдан бері елдегі жол инфрақұрылымының дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ірі кәсіпорын. Мұнда қазір 730 адам қызмет атқарады.

«Зауыттың ұжымы мен басшылығы елімізде өтіп жатқан саяси және қоғамдық іс-шараларға әрқашан қатысады. Сондай-ақ алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауына да еліміздің болашағы үшін ұжым болып қатысамыз», – деді асфальтбетон цехының шебері Ильшат Иминов.

Шаһардағы тігін және аяқкиім фабрикасының жұмысшылары да Құрылтай депутаттарын сайлауына қатысу – азаматтық борыш екенін айтады. Өйткені, олардың пікірінше, әрбір дауыс – болашаққа қосылған үлес.

Айта кетейік, аталған кәсіпорын жылына 1 млн жұп аяқкиім мен 1,5 млн тігін бұйымын шығарады.

Елдегі жеңіл өнеркәсіп саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірі саналатын фабрикада қазір 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның 50-ге жуығы – ерекше қажеттілігі бар жандар.

«Бәрімізге белгілі, 23 тамызда Құрылтай депутаттарын сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің дамуына, болашақ ұрпақтың өсіп-өркендеуіне ықпал ететін саяси науқан. Бәріміз қатысайық. Біздің ұжымда 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Барлығымыз қатысуға дайынбыз», – деді аяқкиім өндірісінің бас маманы Самат Тәңірбергенов.

Оқи отырыңыз: Жайлы қала: Алматыда жаңа серуен және демалыс аймақтары ашылады