Заң және тәртіп: Алматыда қылмыс деңгейі бейнебақылау жүйесінің арқасында 10-15%-ға төмендеді

11.12.2024 17:10

Алматыда жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қылмыс пен құқықбұзушылық айтарлықтай төмендеген

Биыл Алматыда бейнебақылау жүйесінің арқасында 2 мыңнан аса қылмыстың беті ашылып, 15 мыңға жуық қоғамдық тәртіп бұзушылық анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Заң және тәртіп" науқаны ел аумағында қолға алынған. Ал Алматыда жоба аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қылмыс пен құқықбұзушылық айтарлықтай төмендеген. Оған 150 мың бейнебақылау камерасының мүмкіндігі пайдаланылған. Тәртіп сақшылары рейд өткізіп, қоғамдық орындарда, көшелерде, сондай-ақ автокөлік жолдарында бақылауды күшейткен. Мереке қарсаңында полицейлер күшейтілген жұмыс режиміне көшпек.

"Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 2 мыңнан аса қылмыстық істі ашуға атсалысты. Желтоқсанда мереке көп, сондықтан құқық қорғаушылар күшейтілген жұмыс режиміне ауысады", – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шұмаев.

Биыл Алматыда орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен біраз қылмыс әшкере болды. Қоғамдық тәртіпті алсақ та, жолдағы апаттың алдын алуға келгенде де бұл жүйенің мүмкіндігі кеңінен қолданылды. Қала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күнделікті 800-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылады. Бүгін де рейдке шыққан тәртіп сақшылары ереже бұзған автокөлік иелері мен мопед жүргізушілерін анықтап, оларды жауапкершілікке тартты.

"Қазіргі таңда қаламызда 800-ге жуық патрульдік қызметкерлер қызмет атқарады. Біздің басты ұстанымымыз – «Заң және тәртіп». Бірлескен күш-жігер арқылы ғана қоғамымызда қауіпсіздікті, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз ете аламыз", – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.

Биыл қалада мопед жүргізушілерінің қатысуымен 743 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қос дөңгелекті құрылғыны тізгіндеген 30 мыңнан аса адам жауапкершілікке тартылған. Ал айып тұрағына 1 мың 700-ден астам мопед жеткізілген.

Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: 2025 жылы айыппұлдар қаншаға өседі