2025 жылы айыппұлдар қаншаға өседі

Almaty.tv
Almaty.tv

Келесі жылы айлық есептік көрсеткіш 3 мың 932 теңге болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келесі жылы айлық есептік көрсеткіш 3 мың 932 теңге болады. Бұл биылғыға қарағанда 240 теңгеге артық. Осыған байланысты айыппұлдар да 6,1 пайызға өседі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Яғни, жылдамдықты сағатына 10-нан 20 шақырымға дейін арттырғаны үшін берешек 5 айлық есептік көрсеткіш болады. Ол – 19 мың 660 теңге. Бұл заңбұзушылық үшін биыл 18 мың 460 теңге төлеп жүрміз. Ал сағатына 20 мен 40 шақырым арасында жылдамдықты асырсаңыз, 10 айлық есептік көрсеткіш айыппұл қалтаңызға ұрады. Бұл – 39 мың 320 теңге деген сөз. Сағатына 40 шақырымнан асып кетсе, 78 мың 640 теңге төлеуге тура келеді. Бір жыл ішінде қайта заң бұзылса, 117 мың 960 теңге айыппұл арқалайсыз.

Жол белгілерін немесе таңбаларды елемесеңіз, 11 мың 796 теңге көлемінде берешек қарастырылған. Бағдаршамның қызыл белгісіне өтіп кетсеңіз, 39 мың теңге төлейсіз. Жүргінші жолымен немесе тротуарлармен көлік басқарсаңыз, 59 мың теңге шамасында айыппұл мойыныңызға ілінеді. Көлікті дұрыс қоймағаны үшін де салынатын төлем көлемі өскен. Мәселен, тұрақ немесе тоқтау ережесін бұзсаңыз, 5 айлық есептік көрсеткіш, ал темір тұлпарыңызды тротуарда немесе гүлзарларға қойып кетсеңіз, 10 айлық есептік көрсеткіш айыппұл қарастырылған.

Оқи отырыңыз: Биыл елімізге 11 миллионнан аса турист келді

Новости партнеров