Жасанды интеллект және қауіпсіздік: Алматыда стартаптарға тартылған инвестиция көлемі 19 миллион доллардан асты
16 отандық жоба халықаралық нарыққа шыққан
Алматыда жасанды интеллектінің көмегімен тың жобалар әзірлеп жүрген жастар көбейіп келеді. Бірі кәсіпкерлердің шығынын азайтатын жүйе жасаса, енді бірі психологиялық көмекті қолжетімді етіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа жолдарын ұсынып жүр. Мұндай бастамалардың бірқатары Алматы хабта жүзеге асырылуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аяжан Серікжан – Алматы хабта тәжірибесін шыңдап жүрген жас маман. Ол досымен бірге небәрі үш айда жасанды интеллектіге негізделген платформа әзірлепті. Жүйені компаниялардың сайттары мен чат-боттарына енгізуге болады. Оның басты артықшылығы тұтынушылардың жеке деректерін сыртқа таратпай, кәсіпкерлердің ай сайынғы шығынын азайтуға мүмкіндік береді.
"Дұрыс жауап беруі үшін міндетті түрде жасанды интеллектіге төлеу керек. Бұл көлік сияқты, темір тұлпарға жанармай керек қой. Сол сияқты чат ботқа да жанармай керек, бірақ ол «токены» деп аталады. Біз арзан бағамен токеныды Қазақстанда өзіміздің сервер арқылы береміз біріншіден, екіншіден,бүкіл мәліметтер сақталады", - деді жоба авторы Аяжан Серікжан.
Ал Алан Ибраим психологиялық көмек көрсетуге арналған қазақстандық стартаптың негізін қалаған. Онлайн платформада арнайы іріктеуден өткен 900 психолог пен психотерапевт бар. Бүгінге дейін 14 мың адам осы жүйе арқылы көмек алған.
"Жобамыздың жұмыс істеп келе жатқанына төрт жыл болды. Қазір командамызда 16 адам бар. Платформаны пайдалану өте оңай. Алдымен адам өзін мазалаған психологиялық немесе эмоциялық мәселені белгілейді. Жүйе соған сәйкес келетін мамандарды ұсынады. Содан кейін өзіне ұнаған психологты таңдап, ыңғайлы уақытқа жазылады. Осылайша адамдардың қажетті психологиялық көмекті оңай алуына жағдай жасап отырмыз", - деді жоба авторы Алан Ибраим.
Қазір Алматыда 186 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 66 мыңнан астамы полицияның жедел басқару орталығына қосылған. Ал 15 мыңнан астамында жасанды интеллект мүмкіндіктері қолданылады. Дегенмен оқиғаны бейнежазбаға тіркеу бір бөлек, қауіпті дер кезінде анықтау – мүлде басқа мәселе. Осы бағытта алматылық мамандар өз жобасын әзірлеген. Жүйе камерадағы көріністі саралап, төбелес, әлімжеттік, адамның құлауы немесе өрт белгілерін анықтауға арналған.
"Біздің жүйе төбелес, буллинг, адамның есінен тануы немесе өрт сияқты қауіпті жағдайларды анықтап, небәрі 3 секунд ішінде автоматты түрде хабар береді. Бұдан бөлек, балалар мен студенттерге арналған мобильді қосымшамыз бар. Ол арқылы адамдардың күнделікті көңіл-күйін бақылап, күйзеліске немесе өз-өзіне қол жұмсауға бейімділік белгілерін байқай аламыз. Егер баланың психологиялық жағдайы алаңдаушылық туғызса, дереу ата-анасы мен психологтарға хабарлаймыз", - деді жоба авторы Аружан Меде.
Айта кетейік, Алматыда стартап жобаларға тартылған инвестиция көлемі 19 миллион доллардан асқан. Ал жас компаниялардың жиынтық табысы 5,5 миллион теңгеге жетіп, 6 900-ге жуық жұмыс орны ашылған. Ал 16 отандық жоба халықаралық нарыққа шыққан. Алдағы меже – 300 жаңа стартапты іске қосып, инвестиция көлемін 100 миллион долларға жеткізу.
Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Алматыда мектепке дейінгі білім беру жүйесіне қандай тәсіл енгізілмек