Жастар қатысатын бюджет: биыл 203 өтінім түсті
Алматыда бұл бастама арқылы 18 бен 35 жас аралығындағы тұрғындар ұсынысын ортаға салып, оны жүзеге асыруға қаржылай мүмкіндік алады
Жастардың жарқын идеясы енді қаланы көркейтуге жұмсалады. Елімізде алғаш рет «Жастар қатысатын бюджет» жобасы іске қосылды. Алматыда бұл бастама арқылы 18 бен 35 жас аралығындағы тұрғындар ұсынысын ортаға салып, оны жүзеге асыруға қаржылай мүмкіндік алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жастар қатысатын бюджет аясында биыл 203 өтінім түскен. Оның 122-сі талапқа сай деп танылып, келесі кезеңге жолдама алды. Ал 11-18 тамыз аралығында қала жастары өз таңдауын жасады. Ашық онлайн-дауыс беруге қатысқан жұртшылық 122 жобаға жалпы 9 мыңнан астам дауыс берген. Көптің көңілінен шығып, қолдау тапқан бастамалардың бірі – Brava. Бұл музыка кабинеттері жастарға шығармашылық қабілетін шыңдап, алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді.
«Жобамыздың мақсаты – Алматы қаласының жастарына акустикалық репетция жасауға мүмкіндік беретін кабинеттер ашу. Бұл – жас мұғалімдерге де, репетиция жасауға мұқтаж студенттерге де жақсы мүмкіндік беретін жоба. Кішкентай балалар оқи алады, олар фортепиано, сольфеджио, қобыз сияқты аспаптарды үйренеді», – деді жоба авторы Алтынай Қожабергенова.
Жастардың ұсынысы мұнымен шектелмейді. Жобалар қатарында білім беру мен ғылымнан бастап, жасанды интеллект, кәсіпкерлік, қаржылық сауаттылық, экология, мәдениет, құқықтық мәдениет пен әлеуметтік қолдауға дейінгі бағыттар бар. Тың ұсыныстың бірі–- қала тұрғындарының қаржылық сауатын көтеретін қосымша. Ұсақ шығындар ай соңында қомақты сомаға айналады. Осы мәселені технология арқылы шешуді көздейтін қазақстандық Finesly жобасы жасалды. Оның көмегімен пайдаланушы кірісі мен шығысын бақылап, жинағын жоспарлап, қарыздарын есепке алып, қаржылық мақсаттарын белгілей алады.
«Жастардың 90%-ы несие, бөліп төлеу, микрокредит сынды қаржылық инструменттерді қолданады. Біздің қосымша осы дағдыны жақсартуға септеспек. Finesly - кіріс пен шығысты есепке алып қана қоймай, адамның жеке қаржылық жағдайын талдауға көмектесетін цифрлық қосымша. Жоба қаржылық сауаттылықты күнделікті әдетке айналдыруды мақсат етеді», – деді жоба авторы Ким Хён У.
Жобаға 99,3 миллион теңге қарастырылған. Оның 90 миллионы – 2026 жылға бағытталады. Бір жобаға берілетін қаржы көлемі 500 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін. Биыл шамамен 18-20 бастаманы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жеңімпаздарға қаржы бірдей мөлшерде бөлінбейді. Әр бастаманың ауқымы, нақты сметасы мен қажеттілігі жеке қаралады.
«Жастар әлеуметтік жобалардың қай бағытта өзектілігі бар екенін зерттеп, жобаларды ұсынды. Негізгі жобалар 9 бағыт бойынша іріктеліп алынды. Жасанды интеллект, IT, экология», – деді Жастар саясатын дамыту қорының директоры Асқар Азамат.
Алғашқы жобалар 7 қыркүйек пен 15 қараша аралығында жүзеге асуы тиіс. Қаражат кезең кезеңімен беріліп, жобалардың орындалуы мен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы бақылауда болады. Бұл жас буынның қала өміріне тек бақылаушы ретінде емес, белсенді азамат ретінде араласуға дайын екенін көрсетеді.
Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан
Оқи отырыңыз: Энрике Иглесиастың концерті: Алматыда 2 мыңға жуық полицей кезекшілік атқарады