Жайлы мектеп: Алматыда келесі жылы 15 білім ошағының құрылысы аяқталады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Келесі жылы Алматыда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 білім ошағының құрылысы аяқталады. Осылайша қалада 27 мыңнан астам оқушы орны тапшылығы жойылады. Жаңа оқу мекемелерінің ашылуы апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлттық жоба аясында салынған алғашқы білім ошағы апатты жағдайдағы №97 мектептің орнына тұрғызылған. Оқу ордасы биыл қыркүйекте пайдалануға берілді. 600 оқушыға арналған білім ошағы отандық заманауи жиһазбен жабдықталған. Мұнда арнайы зертханалар сыныбы, кітапхана және коворкинг аймақ бар. Сондай-ақ оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесі, есіктерді блоктау мен дыбыстық сигналдар орнатылған.

"Жайлы мектеп" Қазақстанда көп бола берсін. Ұлттық жоба қарқындап дамып, жаңа мектептер көбейе берсін", – деді қала тұрғыны Мерует Үркімбаева.

Келесі жылы "Жайлы мектептер" Алатау, Алмалы, Бостандық және Медеу аудандарында ашылады. Ал Наурызбайда бірден екі білім ошағының құрылысын бастау жоспарланып отыр.

Бүгінде шаһарда тұрғындардың жайлы өмір сүруіне ерекше жағдай жасалып жатыр. Соңғы үш жылда алматылықтардың бастамасымен 930-дан астам жоба жүзеге асырылған. Олардың көп бөлігі Әуезов ауданында жасалған. Атап айтар болсақ, аулалар мен жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылып, демалыс аймақтары көбейген.

"Қоғамдық кеңістіктерді дамыту – біздің жұмысымыздың басым бағыты. Келесі жылы осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Тұрғындардың өтініші мен дауыс беру нәтижесі бойынша бұл қаржыға 42 жоба жүзеге асырылады", – деді Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев.

Жуырда №2 шағынауданының аулалары күрделі жөндеуден өтті. Ал №1 шағынауданда саябақты абаттандыру аяқталған. Сондай-ақ бос және қараусыз қалған учаскелердің орнына ойын және спорт алаңдары салынып, көше жарықтандырылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары да орнатылған. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы келесі жылы да жалғасады. Оның аясында қаланың барлық ауданында 300-ден астам жоба қолға алынбақ.

Олжас Омарбек, Адель Ақжаркенова, Хангелді Ахметханов

 

 

 

Новости партнеров